Депутат Темір Қырықбаев тұрақтандыру қорларының жұмысы мүлдем тиімсіз екенін айтып, қатаң сынға алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кеше бас аудитор Әлихан Смайыловтың бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары туралы есебі тыңдалған. Осы талқылау кезінде депутат Темір Қырықбаев тұрақтандыру қорлары бастапқы мақсатын мүлдем ұмытып кеткенін, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеу міндеті орындалмай отырғанын айтты.
Депутаттың пікірінше, 2011–2012 жылдары құрылған қорлардың негізгі міндеті нарықта баға құбылған сәтте халыққа арзан әрі сапалы өнімді ұсыну болатын.
«Қазір бұл жүйе өз миссиясынан алшақтап, кері жұмыс істеп жатыр», – деді Қырықбаев.
Оның айтуынша, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының бағаны тұрақтандыру жұмыстары тиімсіз.
Бұған нақты дәлел бар
Мысалы, соңғы бір жылда картоптың бағасы 40 пайызға, пияздың бағасы 20 пайызға өскен. Бұған себеп қордағы өнімдерді дұрыс сақтау мен нарыққа шығарудың нақты жоспары жоқтығы. Бәсекені қорғау агенттігінің мәліметінше, екі жыл ішінде бюджет есебінен алынған тауардың небәрі 19 пайызы ғана сатылған.
Депутат Қызылорда өңіріндегі жағдайды мысал етті: аймақтағы тұрақтандыру қорында 1,8 млрд теңгенің тауары жатқанымен, әлеуметтік дүкендерде негізгі азық-түлік түрлері тапшы.
Тағы бір алаңдататын мәселе…
қор қаржысының депозиттерде сақталуы.
«Батыс Қазақстандағы «Ақжайық» ӘКК екі миллиард теңгеден астам қаражатты бір жыл бойы депозитте ұстап келген. Мұндай жағдай басқа аймақтарда да кездеседі», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, қазіргі күйінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың бағаны тұрақтандыруға қатысуы мүлде қисынсыз болып отыр. «ӘКК-лардың өздері тұрақтандыру қорларымен қалай жұмыс істеу керегін анық түсінбейді. Өнімді нарыққа қашан және қалай шығару керегін білмей, қоймада сақтай береді», – деді Қырықбаев.
Мәжіліс осы мәселені талқылай келе, Үкіметке ӘКК мен тұрақтандыру қорларының жұмысын түбегейлі қайта қарауды тапсырды.
Бұған дейін Темір Қырықбаев Ауыл шаруашылығы министрлігінен ет экспортына қойылған шектеуді алып тастауды талап еткен болатын. Бұл ойды экс-министр Асылжан Мамытбеков те қолдай жөнелген еді.
Қырықбаевтың өзі де соңғы кезде бірақ дауға іліккен. Оған депутаттық мандатын тоқалына «сыйға» тартты және некесіз туған баласын жасырып жүр деген айып тағылған.

