Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза қазақ қоғамының Германия мен Жапония сияқты дамыған елдердің өміріне қызығатынын, бірақ бұл елдердегі темірдей тәртіп пен ішкі мәдениетке бағынғысы келмеді деп ойын айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың сөзінше, Германия мен Жапонияда бүкіл қоғам сантиметр мен секундқа бағынған. Ол елдердің тұрғындары кездесуге кешікпейді, қоғамдық тәртіпті бұзбайды, дүкенде кезекте тыныш тұрып, халыққа қызмет көрсету орталықтарында таныс іздемей, өз кезегін күтіп отырады.
– Лифтіде кіші дәрет сындырмайды, подъездің қабырғасына жазу жазып, сызу сызбайды. Көліктің терезесінен қоқыс лақтырмайды, оны арнайы жәшікке дейін апарады. Парковкаға көлікті қисайтпай түзу қояды, жұмыс орнында сағат 18:30-ға дейін табжылмай отырады, сағат 17:00-де тұра салып кетіп қалмайды. Жолдағы белгіде «60 км/сағ» деп тұрса, жапондар мен немістер 59 км/сағ-пен өтеді. Ал біздің кейбір азаматтарымыз сияқты нөмірін шешіп алып, автобанда 180 км/сағ жылдамдықпен ұшып жүрмейді, – деп депутат ел азаматтарының біраз кемшіліктерін тізбектеп өтіпті.
Самат Нұртаза өкінішке қарай біздің қоғамның осындай қарапайым ережелерді сақтауға әлі дайын емес екенін ашық айтты. Оның пікірінше, қазақ қоғамы кездесулерге кешігуді, жұмыс уақытында той-томалаққа сұрануды, заңды жолдан гөрі жеңіл әрі таныстық жолын іздеуді әдетке айналдырған. Бұл халық болып мойындағымыз келмейтін ортақ кемшілігіміз.
– Әлеуметтік желіде Путин мен Назарбаев кездесіпті деп жұрт дүрлігіп жатыр. «Тағы бір Қаңтар оқиғасы бола ма?» деп үрейленген пікірлер де көзіме түсті. Егер әр азамат тәртіп сақтаса, заңды бұзбаса, мемлекетшіл позицияны ұстанса ешқандай «Қаңтар» оқиғасы қайталанбайды. Егер сізге «Үйде отырыңыз!» деген хабарлама келсе, үйде отыру керек. Заңды сақтаған адамға мемлекеттен қорқудың, үрейленудің қажеті жоқ, – деді депутат.
Самат Нұртаза сөзінің соңында өмірдегі барлық нәрсе әр адамның жеке таңдауына байланысты екенін атап өтті.
– Мемлекет «Боранды күні жолға шықпа!» десе де, сіз жолға шықсаңыз, «Далаға шықпаңыз!» дегенде шығып кетсеңіз, бұл сіздің жеке таңдауыңыз. Мұндайда кімді кінәлайсыз? Таңдау болмаған кезде ғана өкпелеуге, ренжуге болады. Құдайға да, Президент пен Үкіметке де ренжуге болады. Ал таңдау бола тұра қисық-қыңыр жолды таңдаған адам тек өзіне ғана ренжуі тиіс, – деп түйіндепті ойын халық қалаулысы.
Самат Нұртаза бұған дейін Үкімет сағатында Көлік министрінен қанша ескі ұшақ қолданыста екенін сұрап, жауап беруін талап еткен.

