Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Мәскеуде МГИМО студенттерімен кездесу барысында елдің бейбіт мақсаттағы атом энергиясын пайдалану құқығынан бас тартпайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министр Иранның ядролық бағдарламасы тек қана бейбіт сипатта екенін баса айтты. «Иран ешқашан ядролық қару жасауға ұмтылған емес және ұмтылмайды да. Бұл мәселеге қатысты Жоғарғы көшбасшының фәтуасы бар, онда ядролық қаруды өндіруге, сақтауға және қолдануға тыйым салынған», – деді Аббас Арагчи.
Екіжақты қарым-қатынас туралы айта келе, министр Тегеран мен Мәскеу арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықты ерекше перспективалы бағыт деп атады. Оның айтуынша, Иран мен Ресей АҚШ пен Батыс елдерінің «заңсыз санкцияларына» қарамастан, бірнеше стратегиялық жобаны бірлесіп жүзеге асыруда.
– Қазір біздің ынтымақтастығымыз мұнай саудасын, сондай-ақ газды тасымалдау мен своптық жеткізулерді қамтиды. Иран ресейлік газды ішкі қажеттіліктер үшін импорттауға мүдделі. Сонымен қатар санкциялық шектеулерді айналып өтудің бірлескен жобаларын жалғастырып жатырмыз, – деді ол.
Сөз соңында Аббас Арагчи екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Ол Иран мен Ресей саяси және экономикалық бағытта жақсы жетістіктерге жеткенімен, мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың жеткіліксіз екенін мойындады.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін министр алғашқы қадам ретінде Иран сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар факультеті мен Ресейдің МГИМО университеті арасында тығыз ғылыми әріптестікті дамытуды ұсынды.
Ал Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілмек.

