«Maxi шай» брендінің негізін қалаушы Тұрсынғали Алагөзов биыл алғаш рет Forbes тізіміне еніп, елдегі ең дәулетті кәсіпкерлер арасында 61-орынды иеленді. Бірақ бір нюанс бар.
Журнал оның байлығын 130 млн долларға бағалағанымен, кәсіпкер өзінің дәулетін одан кемінде үш есе жоғары деп есептейді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Forbes-ке берген сұхбатында кәсіпкер байлықты бағалау тәсілі туралы былай дейді:
«Мен үшін бизнеске салынған әр теңге бұл капитал. Ал Forbes әдістемесі бойынша, алдымен жобаны аяқтап, тіркеп, іске қосқан соң ғана есептеледі», – деп түсіндірді ол.
Былтыр ол Шымкенттегі сыра зауытын 8 млрд теңгеге сатып алып, оған қосымша 40 млн доллар инвестиция құйған. Ал биыл ақпанда «Цесна-Астық» (қазіргі JFood Kazakhstan) концернін 11 млрд теңгеге иеленді.
Осы инвестицияларды есепке алғанда, келесі жылы кәсіпкердің Forbes рейтингіндегі орны әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.
«Maxi шай»: Қазақстанның шөлін қандырған бренд
Алагөзовтің бизнестегі жолы 1998 жылы Galanz Bottlers компаниясының «Хрустальная» суын өндіруден басталды. 2004 жылы «Maxi шай» сауда белгісімен салқын шай нарығына кірген компания биыл елдегі ең ірі 75 жеке компания қатарына қайта енді.
Биылғы болжам бойынша, тек шай және сусын өндірісінің өзінен түсетін кіріс 130–140 млрд теңгені құрамақ.
Кәсіпкердің айтуынша, өндіріс орындары жазда демалыссыз жұмыс істеген. Тіпті сұраныстың жоғары болғаны сонша, өнім тапшылығы әлі толық жойылмаған. Осы мәселені шешу үшін Алматы облысында жаңа зауыт салынып, оның қуаты жылына миллион тонна өнімге жетеді. Сонымен қатар Шымкенттегі сыра зауыты базасында жаңа цех іске қосылып, жыл соңына дейін 60 млн литр шай және жеміс сусындарын Өзбекстанға экспорттау жоспарланған.
«Қазір тұтынушыға сироп қосылған сусын ғана емес, ішінде нағыз жеміс-жидек бөлшектері бар өнімдер ұсынып отырмыз. Бұл өте шығынды, бірақ менің жеке қызығушылығым бар», – дейді ол.
«Балтикамен» байланыс және сыра өндірісі
Былтыр күтпеген жерден Шымкент сыра зауытын сатып алған Алагөзов бастапқыда жобаға 40 млн доллар жұмсауды жоспарлағанымен, шығын бұдан асып кеткенін айтады. Себеп құрылысшылардың жауапсыздығы. Дегенмен зауыт аумағы толық жөндеуден өтіп, жаңа желілер іске қосылған.
Сонымен қатар кәсіпкер биылдан бастап Ресейдің «Балтика» сырасын Қазақстанда тарату бойынша серіктес атанды. Бірақ алдағы уақытта ресейлік компания Өзбекстанда жеке сыра зауытын салуға шешім қабылдағандықтан, Алагөзов серіктестіктің болашағына күмәнмен қарайды:
«Келесі жылы «Балтика» бізбен келісімшартты ұзартпайтын шығар. Бұл бізге қиындық туғызбайды. Егер олар кетсе, Қазақстан нарығында бос кеңістік пайда болады. Мұны өзіміздің брендтеріміз арқылы тиімді пайдаланамыз», – деп отыр.
Сондай-ақ кәсіпкер болашақта сыра өндірісін дамыта отырып, жапондық, қытайлық және америкалық компаниялармен серіктестік орнатуға ниетті.
«Цесна»: Ұн бизнесіне жаңа көзқарас
Алагөзов 2025 жылдың ақпанында JFood Kazakhstan компаниясын («Цесна») 11 млрд теңгеге сатып алған. Бұл зауытты таңдауының басты себебі оның 60 жылдық тарихы мен нарықта танылған «Цесна», «Сәлем» брендтері.
«Алдағы үш-бес жыл ішінде кәсіпорынға жалпы көлемі 50 млн доллар инвестиция салуды көздеп отырмыз», – дейді ол.
Ұн өндірісімен қатар, кәсіпкер астықты терең өңдеу арқылы жоғары сапалы глюкоза, спирт және аминқышқылдарын өндіруді жоспарлап отыр. Оның басты мақсаты бәсекесі төмен, технологиялық әрі бірегей өнімдер жасау. Қытай нарығына ұн мен макарон экспорттау – кәсіпкердің көптен бергі арманы.
Бизнес-холдингке көшу және жаңа амбициялар
Қазір кәсіпкер бизнесін ірі холдинг ретінде қайта құруға кірісті. Үш бағыт бойынша қызметкерлер саны 5000 адамнан асып кеткендіктен, жаңа басқару моделі қажет болды.
«Холдингтің атауын «Байұлы» деп қойдым. Себебі өзім Кіші жүздің Байұлы руынан шықтым, бабаларымның рухы қолдайды деп сенемін», – дейді Алагөзов.
Жаңа құрылым SAP басқару жүйесін енгізіп, халықаралық нарыққа шығуды жоспарлап отыр. Әсіресе Өзбекстан, БАӘ, Оман және Сауд Арабиясы нарығына инвестиция салуға қызығушылық танытуда.
«Таяу Шығыс нарығына кіру үшін дайын бизнесті сатып алып, өз мамандарымызбен бірге дамыту жоспарда бар. Бастапқы инвестиция шамамен 10 млн доллар болса, алдағы 3-5 жылда бұл көрсеткіш 50 млн долларға дейін өсуі мүмкін», – дейді ол.
Сондай-ақ кәсіпкер болашақта энергетика саласына, әсіресе электр энергиясын өндіру және тасымалдау, күн мен гидроэнергетикаға қызығушылық білдірді. «Бірақ жаңа салаларға кіріспес бұрын, қазіргі жобаларды ретке келтіріп, аяқтап алған дұрыс», – деп түйіндеді кәсіпкер.
Бұған дейін біз Алагөзовтің Алагөзов Алматы облысында алкогольсіз империя құрып жатқанын жазған едік.
Әріптестік негізде

