Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тоқтар Серіков алғаш рет жұбайы Бейбіт Сейдуалиевамен қалай бас қосқаны туралы ашық айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Екі жүрек, бір майдан
Бұл туралы әнші «Хабар» арнасына берген сұхбатында мәлім етті. Әңгіме барысында әнші бұрын еш жерде айтпаған сырын ашып, отбасылық өміріне қатысты көпшілікке белгісіз жайттармен бөлісті. Әсіресе, ол марқұм ата-енесін ерекше құрметпен еске алып, олардың өзіне деген шынайы ықыласы мен қамқорлығын тебірене жеткізді.
– Қазақта жақсы сөз бар: «Досыңды жұртқа тастама». Ит екеш иттің өзі ұяласын далаға тастамайды екен. Біз де сондай белестерді бірге бағындырып, бірге жүрдік. Атақ-дәрежеге жетіп, елдің алдында абыройлы болдық. Орта жолға келгенде, Бейбіт екеуміздің үйленбей кетуіміз үлкен әбестік болар еді. Онда қазақ халқы шынымен де бетіме түкіруге қақысы бар еді, – деді әнші ағынан жарылып.
Тоқтар Серіков сондай-ақ, жұбайының ата-анасының ерекше қамқорлығын әлі күнге дейін ұмытпағанын, тіпті кейде өзінің туған баласындай көргенін ерекше ықыласпен еске алды.
– Бейбіт екеуміздің әке-шешеміз ол кезде тірі. Қайын жұртыма Алла разы болсын! Жәннатта болуын тілеймін! Өте мейірімді жандар еді. Маған деген ерекше ілтипаттары есімнен кетпейді. Үйленеміз бе, үйленбейміз бе дегенге бас қатырған жоқ. Әсіресе мен келген кезде баласы үйге келгендей қуанып, құшағын жайып қарсы алатын. «Шаршадың ғой, төсек салып қойдық, демалып алшы» деп бәйек болатын. Жолдан шаршап келетінімді жақсы білетін. Тіпті, менің қандай тамақты жақсы көретінімді, қай тағамды ұнататынымды зерттеп алған. Жолға шықсам, «Тоқтардың қарны ашып қалмасын» деп тамағымды дайындап беретін. Осындай мейірімділік пен ықыластан аттап кету – нағыз ессіздік болар еді, – дейді әнші.
Жеңіп шықтық
Сондай-ақ, әнші отбасын құру жолында талай қиындықтар мен сынақтарды бірге еңсергенін жасырмады. Оның айтуынша, өнердегі әріптестері арасында да екеуінің қосылуына қарсы шығып, кедергі келтіруге тырысқандар болған.
– Ешкімнен жасырған емеспін, бүгін де ашық айтамын. Біздің бас қосуымызға қарсы болып, «қосылмаса екен» деп тілегендер болды. Бұл біздің ағайын-туыстарымыз емес, керісінше өнерде бірге жүрген азаматтардың арасынан да шықты. Бірақ Бейбіт екеуміздің алға қойған мақсатымыз біреу болды, мүддеміз ортақ еді. Ақырында бәріне қарамастан, біз күресе білдік, жеңіп шықтық, – деді Тоқтар Серіков.
Өнерде де, өмірде де жұптары жазылмаған әнші жұбайлардың бүгінгі берекелі шаңырағы – сол күрестің жарқын жемісі болса керек. Мұны әншінің өзі де ерекше мақтанышпен айтты. Еске сала кетейік, бүгінде Тоқтар мен Бейбіт қазақ сахнасындағы ең жарасымды жұптардың бірі ретінде көпшілікке танымал. Олар халық сүйіп тыңдайтын әндерімен, өзара сыйластық пен махаббатқа құрылған берекелі отбасы ретінде ел құрметіне бөленіп келеді.

