Атырауда Жаңа жыл мерекесі қарсаңында бірқатар әлеуметтік нысан іске қосылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өңірде білім беру мен денсаулық сақтау салаларына ерекше мән беріліп, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде Атырау қаласының Жұлдыз-3 шағынауданында және Қайыршақты ауылдық округінің Ақсай-2 елдімекенінде заманауи үлгідегі екі мектеп есігін айқара ашты.
Әрқайсысы бір ауысымда 900 оқушыға арналған білім ошақтарында STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, спорт залдары, кітапхана, акт залы мен асхана бар. Инклюзивті білім беруге қажетті жағдайлар толық қамтамасыз етілген. Жаңа нысандар өңірдегі мектеп тапшылығын азайтып, білім сапасын арттыруға септігін тигізбек.

Сонымен бірге, денсаулық сақтау саласы бойынша да маңызды қадамдар жасалды. Атырау қаласына қарасты Алмалы және Береке ауылдарында жаңа үлгідегі екі дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
Әр амбулатория 25 орынға есептелген, бір учаскелік дәрігер 170 тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда жалпы практика дәрігерінің қабылдауы, терапиялық көмек, жүкті әйелдер мен балаларды тұрақты бақылау, профилактикалық тексерулер, вакцинация және алғашқы жедел медициналық жәрдем шаралары ұйымдастырылған. Амбулаториялар толық медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Құрманғазы ауданына қарасты Афанасьев бекетінде де жаңа медициналық пункт (ФАП) іске қосылды. Бұл нысан аудан орталығынан 25 шақырым жерде орналасқан, 208 тұрғынға қызмет көрсетеді. Жаңа ФАП шалғайдағы ауыл тұрғындарын дәрігерге дейінгі алғашқы көмекпен қамтамасыз етіп, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырды.
Жалпы, биыл өңірде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 5 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Аталған бастамалар халықтың денсаулығын жақсартуға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасы саналады.
Айтпақшы, Атырауда халықтың ұсынысымен 44 аулаға ойын және спорт алаңы салынып жатыр.

