Германияда еңбек етіп жүрген үндістандық мигранттардың әрбір екіншісі айына 5400 еуродан жоғары жалақы алатыны белгілі болды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Немістің IW институты жүргізген соңғы зерттеу нәтижесі бойынша, Германияға келген шетелдік жұмысшылар арасында дәл осы үнділер кәсіби тұрғыдан ең жоғары жетістікке жеткен.
Мұның негізгі себебі үндістандық мамандардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі. Олар көбіне жоғары жалақылы техникалық мамандықтарда қызмет етеді.
Атап айтқанда, академиялық салада, математика мен информатика бағыттарында және инженерлік кәсіптерде жиі кездеседі.
Үндістандық жастардың Германияға студент ретінде көптеп келуі де осы үрдісті күшейтіп отыр. Олардың басым бөлігі жоғары білім алғаннан кейін осы елде жұмысын жалғастырып, кәсіби мансабын сәтті қалыптастырған.
Зерттеу мәліметіне сүйенсек, табысы бойынша екінші орында Австриядан келген мигранттар тұр. Олар орташа есеппен айына 5322 еуро алады. Үшінші орында америкалықтар (5307 еуро), одан кейін ирландиялықтар мен британдықтар (5233 еуро).
Қытайдан келген мамандардың айлық табысы 4888 еуро болса, швейцариялықтар 4809 еуроға тұрақтаған. Сондай-ақ зерттеуде Бенилюкс елдерінен келгендер (4662 еуро), Франция (4605 еуро) және Бразилия азаматтары (4653 еуро) аталған.

