Кәсіпқой бокстан IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған спортшы Марат Мәзімбаевтың жұбайы Жанна Мәзімбаева дүниеден өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жамбыл өңірінің тумасы Марат Мәзімбаев кәсіпқой бокста жеті жыл өнер көрсетіп, осы аралықта 25 жекпе-жек өткізген. Оның 20-сында жеңіске жетіп, әлемдік аренада еліміздің мерейін асырды. Атап айтқанда, Марат IBA нұсқасы бойынша екінші аса жеңіл салмақта әлем чемпионы атағын иеленген және WBO Intercontinental тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуді жеңіп алған.
Марат пен Жанна 2001 жылы шаңырақ көтерген болатын. Ерлі-зайыптылардың отбасында алты перзент дүниеге келген, олардың төртеуі қыз, екеуі ұл бала.
Бұған дейін бір сұхбатында Марат Мәзімбаев жұбайымен қалай танысқанын былайша әңгімелеп берген еді:
– Алматыда білім алып жүрген кезімде бір шаруамен Таразға баруым керек болды. Сол кезде қонақ болып қонатын туысым болмағандықтан, жанымдағы досыммен ақылдасып, оның Таразда тұратын туысының үйіне баруды ұйғардық. Сол үйде алғаш рет Жаннаны көріп, бірден ұнаттым.
Танысып, сөйлесе келе жақын араласып кеттік. Кейін Жаннаны Алматыға шақырып, бірге киноға, кафеге барып жүрдік. Бір-бірімізді жақын танығаннан кейін, өмірлік серігім ретінде таңдадым. Бірақ бұл туралы досыма айтқанда, ол бастапқыда таңданыс білдіріп, қарсылық танытқан болатын.
Дегенмен менің сезімімнің шынайылығына көз жеткізіп, кейін ақ батасын берді. Сол кезде жасым 26-да еді, ұзақ уақыт кездесуге мүмкіндігім болмағандықтан, көп ұзамай Жаннаға үйленуге ұсыныс жасап, ол келісімін берді. Сөйтіп, шаңырақ көтердік, – деп еске алған болатын Марат Мәзімбаев.
Қазіргі таңда марқұмның жақындары мен отбасына көңіл айтушылардың қатары көп. Жаннаның қазасы боксшының отбасы мен туыстарына ауыр тигені анық. Ерлі-зайыптылар бірге өткізген ғұмырларында бір-біріне үлкен сүйеу болып, бақытты шаңырақ құра білді. Марқұмның иманы жолдас болып, артында қалған ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін!
Белгілі актер Мұрат Бисембин бір жылдан астам уақыт бойы онкологиялық аурумен күресіп келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

