Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында қарақшылар шаруа қожалығының жылқыларына оқ атып, жаға ұстатар қатыгездік жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бәйдібек би ауылының маңында орын алған оқиға өңірдегі барымта мен сырымтаның шектен шығып кеткенін дәлелдеп отыр.
Қылмыс 4 қаңтарға қараған түні болған. Белгісіз топ түн жамылып, екі үйір жылқыны Алматы-Қорғас күрежолына қарай қуып әкеліп, оқ жаудырған. Әлгі жер қып-қызыл қанға боялған.
Қаскөйлер төрт жылқыны сол жерде атып өлтіріп, түнімен сойып, етін мүшелеп, түгел алып кеткен. Оқиға орнында сойылған малдың терісі мен ішек-қарны ғана қалған. Мойнына, шабына оқ тиген тағы төрт жылқы қазір қорада қансырап тұр.
Зардап шеккен шаруа қожалығының иесі Қизаттың айтуынша, жатар алдында жылқысын түгендеп, қожалық маңына үйіріп қойған екен. Баукеспелердің мұндай озбырлыққа баратынын мүлде күтпеген.
«Қарақшылар малда кегі кеткендей, аяусыз оқ жаудырған. Жылқылардың төртеуін сол жерде сойып әкеткен. Қалған төртеуінің қатарға қосылуы неғайбыл, қазір қорада қансырап тұр. Мұндай жауыздыққа баратындай не көрінді?!», – дейді ашынған фермер.
Полиция қайда қарады?
Оның сөзінше, полиция оқиға орнына тым кеш келген. Салдарынан ұрылар ізін суытып үлгерген. Ауыл тұрғындары тәртіп сақшыларын күндізгі сағат 11:00 шамасында шақырғанымен, тергеу тобы оқиға орнына тек кешкі сағат алтыда, қас қарайған шақта жеткен.
Қизаттың айтуынша, оқиға орнында қылмыскерлерден қалған темекі тұқылы, су ішкен құтылары және атылмай қалған оқ-дәрі табылған. Соған қарамастан, полиция істі едел-жедел қолға алуға асықпай, жайбасарлық танытып отыр.
«Қарақшылардың ізі сайрап жатыр, айғақ та жеткілікті. Бірақ құқық қорғау органдарының әрекеті тым сылбыр. Осы елде заң үстемдігі бар екеніне сенгіміз-ақ келеді. Алайда полицияның әрекетіне қарап, қарадай қынжыласың. Жанайқаймызға құлақ түрер тірі жан жоқ», – деп күйінді шаруа қожалығының иесі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары үрей құшағында. Мұздай қаруланған ұрылардың бостандықта жүргенін білетін жұрттың малын жайылымға шығаруға жүрексініп отыр. Шаруалар құзырлы органдардан қылмыскерлерді тезірек қолға түсіріп, ауылдағы тәртіпті қамтамасыз етуді талап етіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

