Белгілі саясаткер Иманғали Тасмағамбетов бүгін 68 жасқа толып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның саяси тұлғасы қоғамда сан алуан пікір тудырады: халықтың бір бөлігі оны «болашақ президент» ретінде көрсе, енді бірі «ескі жүйенің адамы» деп бағалайды. Осыған орай қоғам қайраткері, саясаттанушы Дос Көшімнен Тасмағамбетов туралы пікір сұрады.
Дос Көшімнің айтуынша, Иманғали Тасмағамбетов өз заманының адамы, өзі қызмет еткен жүйеге әрқашан адал болған саясаткер.
– Ол қай кезеңде билікке араласса да, сол жүйеге адал қызмет етті. Қайда жіберсе де, қандай қызмет тапсырса да, жауапкершілікпен атқарды. Артық сөзі, қақ-соғы жоқ, қылмыстық істерге де қатысы болған емес. Ең бастысы – қазақ халқына деген жылы көзқарасы анық байқалатын санаулы басшылардың бірі, – деді саясаттанушы.
Дегенмен қоғамда Тасмағамбетовке қатысты жағымсыз пікірдің де бар екенін жасырмайды. Оның басты себебін Дос Көшім былай түсіндіреді:
«Жаңа Қазақстан» деп ұрандатпаған тұлға
Қоғамда Иманғали туралы екіұдай пікірдің қалыптасуына басты себеп «егер ол шынымен жақсы адам болса, неліктен авторитарлық жүйеге қызмет етті?» деген сауал. Ол тоталитарлық жүйеде де қызмет атқарды. Комсомолдың басшысы болды. Ал Комсомол дегеніміз Коммунистік партияның інісі, оның резерві еді. Кейін автократиялық жүйеге 33 жыл бойы үздіксіз қызмет етті. Халықтың арасында «егер ол әділ болса, неге осы жүйеге қарсы шықпады?» деген сұрақтың туындайтыны заңды», – дейді ол.
Дегенмен саясаттанушы Тасмағамбетовтің бойында екіжүзділік жоқ екенін ерекше атап өтті.
– Әр адамда өз таңдауы болады. Бір жүйеде қызмет етті екен деп, бәрін жаман адамдар қатарына қосу қате. Мен сондай жүйеге адал қызмет еткен талай азаматты білемін, керісінше соларды сыйлаймын. Себебі бұрынғы жүйеде Назарбаевтың қасында жүріп, енді қазір «ескі Қазақстан жаман, жаңа Қазақстанды біз жасаймыз» деп жүргендерге қарағанда, Тасмағамбетов өз ұстанымынан танған жоқ. Ол екіжүзділікті қабылдамайды. Не айтса да, қандай жүйеде болса да, сол жүйенің бағытынан ауытқымады, – деді Дос Көшім.
Ол сонымен қатар Иманғали Тасмағамбетовтің өзін тұңғыш президент Назарбаевтың «продуктісі» деген сөзін мысалға келтірді.
– Тасмағамбетовтің өзі: «Мен Назарбаевтың продуктісімін» деген болатын. Оны біреулер әзілге айналдырып жатады. Алайда бұл шындық. Оны шынында Назарбаев тәрбиелеп шығарды. Сондықтан ол Назарбаевтың бағытымен жүрді, содан ажыраған жоқ. Мен оның «Жаңа Қазақстанды құрамыз» деп ұрандатқанын естіген емеспін. Ол сондай жалған ұрандар көтергендерден әлдеқайда биік тұр, – дейді саясаттанушы.
Өзінің жеке көзқарасын да ашық айтқан Дос Көшім: «Біз баррикаданың екі жағында шығармыз, алайда мен оны тұлға ретінде сыйлаймын», – деді.
– Ол менің саяси ұстанымыма қарама-қайшы адам болуы мүмкін. Бірақ оның азаматтық болмысын, адамгершілігін ешқашан жоққа шығарған емеспін. Мен оның ұстанымын сыйлауға міндеттімін. Менің ойымша, ол өле-өлгенше өзі қызмет еткен жүйесіне адал болып өтеді, – деп сөзін түйіндеді Дос Көшім.
Айта кетейік, Иманғали Тасмағамбетов Назарбаевтың кеңесшісі, премьер-министрдің орынбасары, Атырау облысының әкімі, Алматы мен Астана қалаларының әкімі, қорғаныс министрі қызметтерін атқарды. Кейінгі жылдары Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болды. Қазір Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы қызметін атқарып отыр.
Жемқорлықпен күрес жөніндегі халықаралық Transparency International ұйымының мүшесі Әсел Темірова ҰҚШҰ төрағасы Иманғали Тасмағамбетовке қатысты тосын мәліметпен бөлісті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

