Шымкентте тоталитарлық жүйенің құрбаны болған боздақтарды еске алуға арналған тағылымды іс-шара өтті. Жиынға қатысушылар қазақ зиялылары мен жазықсыз жапа шеккен мыңдаған отандасымыздың рухына тағзым етіп, сол кезеңнің ауыр қасіретін тағы бір мәрте еске алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2500 оңтүстікқазақстандық «халық жауы» атанған
Тарихи деректерге сәйкес, кеңестік қызыл террор жылдарында тек Оңтүстік Қазақстан өңірінің өзінен мыңдаған азамат жазықсыз жазалауға ұшыраған. Өңір басшылығы өз сөзінде зобалаң жылдар салған жараның ұлт жадында мәңгі сақталатынын, ал құрбандардың ерлігі елді сүюдің шынайы үлгісі екенін жеткізді.
«Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында 2500 оңтүстікқазақстандық “халық жауы” деп танылып, атылып кетті. Бүгін өткенге көз жүгірте отырып, отандастарымыздың тағдыры қаншалықты қайғылы әрі қасіретті болғанын түсінеміз. Тағдыр оларға өте әділетсіз әрі қатал қарады. Бірақ олардың барлығы келер ұрпақ үшін табандылық пен батырлықтың, Отанға және өз халқына деген шексіз махаббаттың жарқын үлгісіне айналды», – деді өңір басшысы.
Бір әулеттің қасіреті: Кеңбаевтар тағдыры
Жиын барысында саяси репрессия жылдарында үлкен қайғы жамылған Кеңбаевтар әулетінің ұрпағы Қайрат Бұраханов сөз сөйледі. Ол өз әулетінің басынан кешкен ауыр сынақтарын айтып, жазықсыз жазаланған ата-бабаларының аянышты тағдырын баяндады.
«Сол бір сұрапыл кезеңде Кеңбаевтар отбасының он бірдей жазықсыз азаматы нақақтан сотталып, оққа байланды. 1928 жылы олардың екеуі Шымкент түрмесінде аштық пен қорлықтан көз жұмса, қалған сегізі ату жазасына кесілді», – деп еске алды Қайрат Бұраханов.
Кездесуге келген жұртшылық сол жылдардағы қасіретті көріністерді бейнелейтін арнайы театрландырылған қойылымды тамашалап, тарихтың қаралы парақтарына тағы бір мәрте көз жүгіртті.
Жер аударылған халықтар және тарихи жады
1935–1938 жылдар аралығында жаппай қуғын-сүргін мен қолдан ұйымдастырылған аштықтың салдарынан 4 миллионға жуық адам жазықсыз құрбан болды. Қазақ даласы тек өз перзенттерінің көз жасына ғана емес, шеттен еріксіз жер аударылған өзге ұлт өкілдерінің де панасына айналды.
Сол жылдары Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне 507 мың қарашай мен шешен, 180 мың қырым татары және 110 мың поляк депортацияланды. Жергілікті қазақ халқы соңғы нанын бөліп беріп, басына күн туған тағдырлас жандарды ажалдан аман алып қалды. Тарихтың ащы сабағын ұмытпау және жазықсыз жапа шеккендердің есімін жаңғырту – ел бірлігі мен бейбітшіліктің басты кепілі болып қала бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







