Шымкент қаласында аралас жекпе-жектен ALASH PRIDE FC 135–136 халықаралық турнирі өтіп, отандық спортшылар жарқын жеңістерге қол жеткізді. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей сынды бірнеше елдің мықты файтерлері бас қосқан дүбірлі додада чемпиондық белбеулер мен беделді атақтар сарапқа салынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Чемпиондық белбеу мен мерзімінен бұрын келген жеңіс
Кештің басты жекпе-жегінде қазақстандық спортшы Асылжан Таскет өзінің чемпиондық белбеуін сәтті қорғап қалды. Қырғызстаннан келген тәжірибелі қарсыласы Нұртілек Жалынбековпен кездескен отандасымыз айқасты алғашқы минуттан-ақ өз бақылауына алды. Партердегі күресте шеберлік танытқан Таскет бірінші раундта-ақ қылқындыру әдісін сәтті қолданып, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.
Кештің қосалқы басты кездесуінде өнер көрсеткен қазақстандық Рустем Құдайбергенов те жергілікті жанкүйерлердің үмітін ақтады. Ресейлік файтер Эжер Олчоновпен октагонға шыққан жерлесіміз екінші раундта жойқын соққылардың астына алып, қарсыласын техникалық нокаутпен тізе бүктірді.
Әлішер Қадыралиевтің чемпиондық мақсаты
Турнир бағдарламасындағы кезекті тартысты айқаста қазақстандық жас спортшы Әлішер Қадыралиев көзге түсті. Өзбекстан өкілі Джавахир Чорчиевке қарсы өткен кездесуде айқын басымдықпен жеңіске жеткен ол октагондағы жоспарларымен бөлісті. Спортшы ұзақ жылдар бойғы еңбегінің нәтижесінде осы лиганың басты жүлдесіне қол жеткізуді көздеп отыр.
«Мен өз деңгейімді жақсы білемін. Осы лигада чемпион атанғым келеді. Жаттығып жүргеніме алты жыл болды, алдағы жоспарларым үлкен», – деді Әлішер Қадыралиев.
Командалық кубок Өзбекстанға бұйырды
Жарыс аясында жекелеген жекпе-жектерден бөлек, Қазақстан мен Өзбекстан спортшылары арасындағы арнайы командалық сайыс та ұйымдастырылды. Октагонда қос елден бес жұп өзара мықтыны анықтады.
Тартысты өткен бәсекеде көрші елдің құрамасы басымдық танытты. Өзбекстандық файтерлер бес жекпе-жектің төртеуінде жеңісті жұлып алып, жалпы есепте 4: 1 нәтижесімен турнирдің арнайы командалық кубогын қанжығасына байлады. Халықаралық дода өңірдегі жауынгерлік өнердің қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







