Кезінде ел аумағында қаншама құнды тарихи ескерткіштің көз алдымызда жоғалып кеткеніне іштей қынжылатынмын, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Сол кезеңде болашақта тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауға арналған заң жобасының авторларының бірі боламын деп ойлау да мүмкін емес еді», дейді Асхат Аймағамбетов.
Тарихи мұраны қорғайтын жаңа заң
Арада жылдар өтсе де, тарихи ескерткіштердің жойылу мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында мәдени мұра нысандарын сақтау жөнінде нақты міндет жүктеген сәтте, осы бағытта арнайы заң жобасын бастамашылық ету туралы шешім қабылданды. Президент тапсырмасы жай сөз күйінде қалмай, нақты құқықтық тетікке айналуы тиіс еді.
– Заң жобасын әзірлеу барысында ғалымдармен, сала мамандарымен ондаған кездесу өтті. Археологтардың, реставраторлардың, музей қызметкерлерінің пікірлері егжей-тегжейлі талданды. Соның нәтижесінде мазмұны терең, жүйелі әрі жан-жақты пысықталған құжат дүниеге келді. Жаңа жыл қарсаңында Мемлекет басшысы заңға қол қойып, ол ресми түрде күшіне енді, – дейді депутат.
Қабылданған заңдағы ең маңызды жаңашылдықтардың бірі лицензиялау жүйесінің түбегейлі өзгеруі. Бұған дейін археологиялық және реставрациялық жұмыстардың барлық түріне бір ғана мерзімсіз лицензия берілетін. Мұндай тәртіп біліктілігі жеткіліксіз ұйымдардың да тарихи нысандарда жұмыс істеуіне жол ашты.
Лицензиялау тәртібі түбегейлі өзгерді
Енді лицензиялар археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстар болып бөлінеді және бес жыл мерзімге ғана беріледі. Штатта ғылыми дәрежесі мен нақты тәжірибесі бар мамандардың болуы міндеттелді. Заңбұзушылық анықталған жағдайда лицензияны тоқтату немесе кері қайтарып алу тетігі де қарастырылған.
– Жер телімдерін бөлу кезінде археологиялық сараптама жүргізу мәселесі де нақты реттелді. Бұрын жер бөлініп кеткеннен кейін ғана ол аумақта қорғандар мен ескерткіштердің бар екені анықталатын жағдайлар жиі кездесетін. Енді мұндай олқылықтардың алдын алуға бағытталған нормалар енгізілді. Бұл превентивті археология қағидатын заң жүзінде бекітуге мүмкіндік берді, – депті Аймағамбетов.
Жаңа заңда заңсыз іздеу жұмыстарына да толық тыйым салынған. Металлоіздегіштер мен өзге де іздеу құрылғыларын тарихи ескерткіштер орналасқан аумақтарда қолдануға тек археологиялық жұмыстарға арналған лицензия болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Осылайша «әуесқой іздеу» төңірегіндегі дауларға нақты нүкте қойылды.
Табылған жәдігерлердің тағдыры да заңда айқындалды. Барлық олжалар «жеке» және «жаппай» деп екіге бөлінеді. Музейлік құндылығы бар бірегей жәдігерлер музей қорына тапсырылады. Ал ғылыми тұрғыда маңызды, бірақ экспозицияға қойылмайтын жаппай материалдар үшін арнайы Ұлттық депозитарий құрылады. Бұл ғылыми деректердің жүйелі сақталуына жол ашады.
– Жеке коллекцияларға қатысты да маңызды өзгеріс енгізілді. Енді жеке тұлғалардың қолында сақталған мәдени құндылықтар туралы мәліметтер Мемлекеттік музей қорының бірыңғай каталогына енгізіледі. Мемлекет ел аумағындағы мәдени мұраның қайда және кімнің қолында екенін білуі тиіс, – дейді депутат.
Тарихи мұра қалай сақталады?
Цифрландыру бағыты да назардан тыс қалған жоқ. Археология саласында Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе іске қосылады. Бұл жүйеде археологтар тізілімі, әрбір қазба жұмысы бойынша есептер, табылған заттар туралы деректер, музей қоры және қорғау аймақтарының шекаралары жинақталады. Мұндай жүйе деректердің жоғалуына, «қос есептілікке» жол бермейді.
Заң тарихи нысандарды «өз бетінше абаттандырудан» қорғауды да көздейді. Кей жағдайда ескерткішке жауапты адамдардың өзі жөндеймін деп зиян келтіретін фактілер болған. Енді мұндай әрекеттерге жол бермейтін нақты құқықтық шектеулер енгізілді. Сонымен қатар қазба барысында жаңадан анықталған нысандарға қорғау аймақтары бірден белгіленеді. Ұзақ бюрократиялық рәсімдерді күтпей-ақ, табылған сәттен бастап нысан археологиялық ескерткіш ретінде автоматты түрде қорғалады.
Заңның маңызды жаңалығының бірі Ұлттық археологиялық қызметтің құрылуы. Бұл бастамаға қатысты пікірталастар аз болған жоқ. Алайда оның қажеттілігі дәлелденіп, мәртебесі мен функциялары заңда нақты бекітілді. Аталған қызмет қазба жұмыстарын бақылап, есептерді талдайды, ғылыми сараптама жүргізеді. Мұның өзі археология саласындағы бейберекеттілікті жоюға мүмкіндік береді.
Құжатта өзге де маңызды нормалар бар. Ең бастысы қабылданған заң тарихымызды қорғаудың тұтас әрі жүйелі моделін қалыптастырады. Мұны косметикалық өзгеріс емес, мәдени мұраны сақтауға бағытталған кешенді құқықтық құрылым.
Заң авторларының бірі, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов кейін факультетіне барып, өзіне археологиядан дәріс берген профессорлармен кездескенін айтады. Сол сәтте студент кезіндегі дәрістердің бүгін заң нормаларына айналғанын атап өткен.
Айтпақшы, жұмыс бабындағы дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілерінің мәртебесі полиция, құтқарушы, қорықшы және билік өкілдерімен теңеседі. Депутат Асхат Аймағамбетов осы тұста жаңа заңның маңыздылығына тоқталған екен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

