Депутат Қазыбек Иса Астанадағы балабақшаларда қазақ тілінің қағаз жүзінде ғана қалғанын ашық айтты. Депутаттың немерелері мемтілде оқып-тоқытатын балабақшаға барғанымен, кейіннен орысша сөйлеп кеткен деп жазады Ertenmedia.kz.
«Үш-төрт жыл бұрын немерелерді сол жағалауда орналасқан екі балабақшаға бердім. Екеуінде де «оқу қазақ және орыс тілінде жүреді“ деп сендірген. Бірақ екі немерем де көп ұзамай орысша сөйлеп кетті. Себебін анықтайын деп барсам, қазақша жауап беретін адам таба алмадым. Амалсыздан әлгі балабақшадан алып кетіп, екіншісіне ауыстырдым. Онда да сол жағдай қайталанды. Ақыры немеремді балаларды дамыту орталығына бердім, сол жерде ғана қазақ тілінде тәрбие ала бастады», – деді депутат.
Осы жағдайдан кейін Қазыбек Иса Астанадағы балабақшалардың тізімін түзіп, тәуелсіз зерттеу жүргізген.
«Елордадағы балабақшалардың шамамен 40 пайызы қазақтілді, 30 пайызы орыстілді, қалған 30 пайызы аралас тілде жұмыс істейді. Алайда аралас дегендерінің бәрі іс жүзінде толық орыстілді балабақшаға айналып кеткен.
Демек, 60 пайызы орыс тілінде тәрбие беріп отыр деген сөз. Балабақша тәрбие процесін мемлекеттік тілде жүргізуге міндетті болуы керек. Тілге қатысты мәселенің бәрі балабақшадан басталады.
Арпа еккен жерден бидай шыға ма? Бала-шағаға қазақша тәрбие бермесек, кейін мектепте де, жұмыста да қазақша білмейтін буынмен бетпе-бет келеміз», – деп ашынды Қазыбек Иса.
Депутаттың пікірінше, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру үшін балабақшадағы қазақтілді ортаны заң жүзінде қамтамасыз ету қажет.
Айта кетелік, бұған дейін депутат Зайытов балабақшадағы ұлттық тәрбие мәселесін көтеріп, Оқу-ағарту министрінің орынбасарын сұрақтың астына алған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







