Ресейлік «Лукойл» санкция қысымынан соң шетелдегі активтерін сатуға кірісті. Оның ішінде Қазақстандағы мұнай жобалары да бар деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Санкцияға іліккен ресейлік компания сырттағы бизнесін 17 қаңтарға дейін сатып үлгеруі керек. Reuters дерегі бойынша, құны 22 миллиард доллардан асатын активтерді алуға үш ірі үміткер аталып отыр.
Бұлар: америкалық Carlyle инвестициялық компаниясы, Chevron мен Quantum Capital бірлескен консорциумы және БАӘ-нің International Holding Company тобы.
Сатылатын активтер қатарына Қазақстан, Ирак пен Әзербайжандағы ірі кеніштер, сондай-ақ АҚШ пен Еуропада орналасқан мұнай өңдеу зауыттары мен жанармай бекеттері кіреді.
Алайда соңғы шешімді АҚШ Қаржы министрлігіне қарасты Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) мақұлдауы тиіс. Бұған дейін осы мекеме «Лукойлдың» шетелдік активтерін сату жөніндегі екі келісімін тоқтатып тастаған болатын: қазанда Gunvor компаниясымен, ал желтоқсанда Xtellus Partners тобымен мәмілеге рұқсат бермеді.
Reuters агенттігіне ақпарат берген сарапшылар OFAC келіссөз мерзімін ұзартуы немесе жеке лицензиялар беруі мүмкін екенін айтады. Қазіргі уақытта «Лукойл» активтерін қолайлы шартпен сату үшін әлеуетті сатып алушылармен келіссөз жүргізіп жатыр. Егер мәміле 17 қаңтарға дейін мақұлданбаса, орыстар активтерін өз шартымен сату мүмкіндігінен айырылуы ықтимал.
Ertenmedia Кремль басқыншылығын қаржыландырып отырған компания туралы аз жазған жоқ.
Қазір «Лукойлдың» Қазақстандағы активтерінің қатарында: «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» (13,5%), «Теңізшевройл» (5%), Каспий құбыр консорциумы (12,5%), «Қаламқас-теңіз – Хазар» жобасы (50%) және «Әл-Фараби Operating» (49,99%) бар.
Сарапшылардың пікірінше, Теңіз бен Қарашығанақтағы үлесті «ҚазМұнайГазға» беру қисынды қадам болмақ. Қажет болса, қытайларды тарту да тиімді. Аталған жобалар 2030 жылға дейін 5 миллиард доллар таза табыс әкелуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

