Түркістан қаласындағы Достық үйі ғимаратында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен азаматтық сектор өкілдері қатысты. Олар өңірдегі қоғамдық келісім күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Басқосу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы бекіткен стратегиялық маңызы бар екі құжатқа айрықша назар аударылды. Шарада еліміздің ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен басымдықтары талқыланды. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлігіміз әралуандықта» атты 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы мазмұндық тұрғыда кеңінен сөз болған. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізіп, құжаттардың өңірлік деңгейде іске асу тетіктеріне тоқталды.

Қоғамдық келісімнің жаңа белесі
Кеңесте облыстық Ассамблея жанындағы өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Райымжан Алибаев, Ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі Сейдулла Садықов және Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов сөз сөйледі. Олар ішкі саясаттың басым қағидаттары, Ассамблеяның 2030 жылға дейінгі даму бағыты және Президенттің «Түркістан» газетіне берген сұхбатындағы негізгі ой-тұжырымдар жөнінде пікір білдірді. Баяндамаларда қоғамдық келісімді сақтау, азаматтық жауапкершілік пен ортақ құндылықтарды орнықтыру мәселелері өзара сабақтастықта қаралды.

Отырыс барысында этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея құрылымдарының алдағы жұмысына қатысты бірқатар нақты ұсыныстар ортаға салынды. Этносаралық ахуалды тұрақты мониторингтеу, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Салауатты сана» ұстанымдарын жүйелі насихаттау мәселесі әңгімеге арқау болған. Тағы да жастар мен еріктілерді Ассамблея жобаларына тарту, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына жасанды интеллектіні енгізу, арандатушылық контенттің алдын алу ісі назардан тыс қалған жоқ.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы қоғамдық келісімді нығайту, азаматтық бірегейлікті қалыптастыруға тоьалды. Бұдан басқа «Әділетті Қазақстан» қағидатын күнделікті басқару тәжірибесіне енгізу жолында Мемлекет басшысының тапсырмалары Түркістан облысында сапалы әрі жүйелі орындалуы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, аталған бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауға алынды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







