Алматыдағы тұрғын үй кешенінің салымшылары қазіргі депутат, кешегі блогер Дәулет Мұқаевқа наразылығын білдіріп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлемжеліде Нұрғаным Жарасбек есімді азаматша Алматыдағы «Maxbet PV» компаниясына қарасты «Достар Делюкс» тұрғын үй кешеніне салған қаржысының күйіп кеткенін айтып, жанайқайын жеткізді.
«Менің ғана емес, халықтың жарасы! 2022 жылдың тамыз айында Алматы қаласындағы «Maxbet PV» компаниясы «Достар Делюкс» тұрғын үй кешеніне ақша салдық. Барлық салымшы қазіргі депутат Дәулет Мұқаевтың жарнамасына сеніп, салым жасады. Ол бірнеше рет компанияны жарнамалап, құжаттарының дұрыстығын айтты. Халықтың жанашыры ғой деп шүбәсіз сендік», – дейді жазба авторы.

Автордың айтуынша, қазіргі таңда 300-ге жуық салымшы үйсіз әрі ақшасыз қалған. Олар жинаған қаржының халықтың жылдар бойы маңдай терімен тапқан ақшасы екенін атап өтті.
«Бұл ақша 300 отбасының өмір бойы ішпей-жемей, бала-шағасының аузынан жырып жинаған қаржысы.
Қазір не үйіміз, не ақшамыз жоқ. Миллиардтаған теңге жымқырылды! Не ақша қайтарылмады, не үй салынбады, сот та әділ өтпеді. Бір бөлмелі пәтерге құйған 5,5 млн теңге келмеске кетті.
Барлық дәлел мен құжаттар бар, бірақ біздің жанайқайымыз еш жерге жетпей жатыр. Әділдік іздеп, табанымыз тозды», – делінген хабарламада.
Айтуынша, көпшілік бұл әрекетке сол кездегі блогер, қазіргі депутат Дәулет Мұқаевтың үздіксіз жарнамасына сеніп барған.
«Дәулет мырза сол тұрғын үйдің жарнамасын қайта-қайта жасаған болатын. Белгісіз компанияға ақша салар бұрын ойланыңыздар, барлық құжаттарын тексеріңіздер», — дейді Нұрғаным Жарасбек.
Әзірге депутат Дәулет Мұқаевтың тарапынан ресми жауап немесе түсініктеме берілген жоқ.
Айтқандай, Қазақстанда коммуналдық тариф мен жанармай бағасын ұстап тұрған мораторий 1 сәуірден бастап кілт тоқтайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

