Қазақстан экономикасы сырттан тасымалданатын тауарларға басыбайлы тәуелді болып барады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экономист Руслан Сұлтановтың пікірінше өткен жылдың 11 айындағы сыртқы сауда қорытындысы осы тенденцияны айқын көрсеткен.
Қазақстан осы кезеңде жалпы сомасы 57,7 млрд долларды құрайтын тауар импорттаған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға артық.
Ал экспорт, керісінше, 4,2 пайызға азайып, 71,1 млрд долларға дейін төмендеген. Осылайша, сыртқы саудадан түсетін пайда бірден 31 пайызға қысқарып, 13,5 млрд доллар ғана болған.
Руслан Сұлтанов экспорттың әлсіреуінің басты себебі шикізат тасымалының төмендеуінде дейді. Нақты айтқанда, Қазақстан мұнайды (–6,9%), уранды (–9,7%), мыс катодтарын (–3,7%), мыс кенін (–11,1%) және ферроқорытпаларды (–18,8%) әлдеқайда аз сатқан.
«Аталған бес негізгі шикізат түрінің экспортынан түспей қалған қаржы көлемі 3,9 млрд долларды құрады. Бұл шығынның орнын бидай, күнбағыс майы, көмір, күміс пен алюминий экспорты арқылы келген қосымша 900 млн доллар толықтыра алмайды», – деді сарапшы.
Сұлтановтың айтуынша, импорттың өсуіне ең алдымен техника, автомобильдер мен құрал-жабдықтардың сырттан көптеп алынуы әсер етуде. Елге жеткізілген көлік саны – 14,4%, көлік кузовы – 15,8%, авто бөлшектері – 23,9%, компьютерлік техника – 23,3%-ға артқан.
Сондай-ақ электр генераторларының импорты шамамен 4 есе, ал термоөңдеу жабдықтарын тасымалдау 2,4 есеге дейін өскен. Тек ұялы телефон мен әуе аппараттарының импорты аздап төмендеген.
Импорт бойынша негізгі серіктестер Қытай мен Оңтүстік Корея. Осы елдерден келетін тауар көлемі сәйкесінше 22% және 24%-ға артқан. Ресей импорты 1,8%-ға ғана өссе, АҚШ пен Еуропа Одағынан тауар тасымалы, керісінше, азайған.
«Экспорттың тұрақсыздығынан сырттан түсетін валюта азайып келеді. Ал ішкі сұраныс пен инвестицияға қажет техниканың сырттан көптеп сатып алынуы ел экономикасының импортқа деген тәуелділігін арттырып отыр», – деді экономист.
Айтқандай, Қазақстанда коммуналдық тариф мен жанармай бағасын ұстап тұрған мораторий 1 сәуірден бастап кілт тоқтайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

