Қазақстанның солтүстігі мен шығысында аяздың екпіні қайтпай тұрса, оңтүстік пен батысты ақ қар мен көктайғақ әбігерге салып жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Қазгидрометтің» дерегінше, бүгін Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының бірқатар ауданында жауын аралас қар тоқтаусыз жауып, жолдар көк мұзға айналмақ. Желдің екпіні күшейіп, бұрқасын көтеріліп, тұрғындардың қалыпты тіршілігіне кедергі келтірмек.
Ал солтүстік пен шығыста қаңтардың қақаған аязы басылмай тұр. Түнгі уақытта Абай облысында сынап бағанасы 40 градусқа дейін түседі.
Қарағанды өңірінде 35, 38 градус аяз болса, Шығыс Қазақстанда аяздың күші 45 градусқа жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, республика аумағында қалың тұман түсуі ықтимал.
Бүгінгі ауа райының қысқаша сипаты:
Астанада күндіз –21–23 градус аяз болса, түнде температура 30 градусқа дейін төмендейді. Жел жылдамдығы секундына 3–8 метр.
Алматыда күндіз 13–15 градус, түнде –15–17 градус аяз. Жауын-шашын мол түсіп, көктайғақ пен тұман болады. Жел жылдамдығы секундына 2–7 метр.
Шымкенттіктер үшін ауа райы одан да қолайсыз.
Мұнда күндіз ауа температурасы 1–3 градусқа дейін төмендеп, қар аралас жаңбыр, көктайғақ және ақтүтек боран күтіледі. Түнде 3–5 градус аяз сақталып, бұрқасын соғады. Жел екпіні секундына 8–13 метр, ал кей тұстарда секундына 20 метрге дейін жетуі мүмкін.
Синоптиктер жұртшылыққа алыс жолдарға шықпауды ескертіп, төтенше жағдайларға сақ болуға шақырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

