Премьер Бектенов бастаған министрлер кабинеті «елдің мүддесін қорғауға дәрменсіз» деген айыптауға жауап қатты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бектеновтың айтуынша, ел аумағындағы экологиялық заңбұзушылықтар тек ішкі заң шеңберінде қаралып, салынатын айыппұл теңгемен есептеледі. Осы себепті, экологиялық айыппұлды шетелдік валютаға шаққан депутаттардың мәлімдемесі заң талабына сай келмейді әрі тәжірибеде қолданылмайды.
Үкімет басшысы нақты мысал ретінде Атырау облысы экология департаментінің «Солтүстік Каспий» жобасына жүргізген тексерісін атады. 2022 жылы осы тексеру барысында экологиялық заң талабы бұзылғаны анықталған. Алайда компания шешімге қарсы сотқа жүгініп, 2025 жылы тамызда Астана соты экология департаментінің шешімін рәсімдеу кезінде кеткен процедуралық қателік үшін заңсыз деп таныған.
Осыған қарамастан, департамент анықталған кемшілікті түзеп, қайтадан тексеру өткізіп, айыппұл санкциясын қайта күшіне енгізген.
Тағы бір маңызды жайт
Сонымен қатар Үкіметбасы Қазақстанның мүддесін қорғау мақсатында халықаралық арбитраждарға қатысу жұмысы қызу жүріп жатқанын жеткізді.
Әсіресе, «Солтүстік Каспий» және «Қарашығанақ» жобасы бойынша жүріп жатқан дау коммерциялық сипатта болғандықтан, өте күрделі әрі бірнеше сатыдан тұрады.
Сондықтан халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, шетелдік сарапшылар мен консултанттар тартылған. Қазір қажетті дәлел жиналып, жан-жақты аудит жүргізіліп жатыр.
«Мұндай процестердің ұзаққа созылуы қалыпты жағдай. Себебі, оларда өте күрделі техникалық әрі қаржылық мәлімет жан-жақты талданады. Үкімет халықаралық құқық талаптарын қатаң сақтай отырып, ел мүддесін құқықтық алаңда табанды түрде қорғауда. Бұл ма, бұл жұмыс ерекше бақылауда», – деп түйіндеді Бектенов.
Бұған дейін…
«Ақ жол» депутаттары 90-жылдары жасалған өнім бөлісу келісіміндегі олқылықтарға тоқталып, Үкіметті халықаралық дауда елдің экономикалық һәм экологиялық мүддесін қорғай алмай отыр деп сынға алған еді.
Олар триллиондаған көлемдегі экологиялық айыппұлдың өндірілмегенін, арбитраж процесінің сағызша созылып кеткенін және ұлттық валютаның девальвациясы салдарынан елдің шығынға батқанын айтқан болатын.
Перуашев бастаған ақжолдықтар осы мәселеде меморгандардың кәсібилігіне күмән келтіріп, айыппұлды қайта қарау мен халықаралық процесте жіберілген кемшіліктерге мұқият талдау жүргізуді талап еткен.
Үкіметтің уәжі, «Ақ жолдың» әлегі: Тоқаев тапсырмасын түсінудің екі түрлі тәсілі
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

