Президент Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларымен бірге Анкарадағы «Бештепе» саябағында бой көтерген Түркі әлемі аллеясының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Бауырлас мемлекеттердің ынтымақтастығын паш ететін мәдени кеңістік ортақ тарихи тамыр мен рухани бірлікті нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бауырлас халықтардың ұлттық павильондары
Жаңа аллея аумағында Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдерінің ұлттық павильондары бой көтерген. Әрбір экспозиция бауырлас халықтардың төл мәдениетін, сан ғасырлық салт-дәстүрін және өзіндік өркениеттік ерекшелігін айшықтайды.
Мемлекеттер басшылары павильондарды аралап, түркі халықтарының рухани байланысы мен мәдени сабақтастығын көрсететін жәдігерлермен танысты.
Аталған мәдени орталық бауырлас елдер арасындағы достық пен өзара сенімді нығайта түсетін маңызды алаңға айналмақ.
Сақ мұрасы мен Орхон жазбалары
Қазақстан павильонының орталығына тігілген ақшаңқан қазақ үйі Ұлы дала рухын бейнелейтін негізгі нысанға айналды. Мәртебелі меймандарға киіз үйдің жабдықталуы, ежелгі түркі өркениетінің, соның ішінде сақ дәуірінің бай мұрасы мен қазақ халқының табиғатпен үндескен көшпелі өмір салты таныстырылды.
Сонымен қатар президенттердің назарына дәстүрлі саятшылық өнерін көрсететін «Сақ аңшысы» мүсіндік композициясы ұсынылды. Мемлекет басшылары көне түркі жазба мәдениетінің бастауы саналатын атақты Орхон тас жазбаларының көшірмелерін тамашалап, ортақ тарихтың терең тамырына куә болды.

Димаш Құдайберген мен Қырач өнер көрсетті
Салтанатты шара соңы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің өнер шеберлері дайындаған мерекелік концертке ұласты. Сахна төрінде «Түркі әлемі» ансамблі мен Түркия Президенттік симфониялық оркестрі бауырлас елдердің таңдаулы музыкалық туындыларын орындады.
Құрметті қонақтар түркі халықтарының ұлттық билерін тамашалап, әуезді әуендерін тыңдады. Кештің басты тосынсыйы ретінде түркиялық танымал әнші Қырач пен Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің өнер көрсетуі болды. Танымал әншілердің орындауындағы шығармалар жиналған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлап, түркі халықтарының мәдени тұтастығын айшықтай түсті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






