Әлемжеліде танымал әнші Маржан Арапбаева отбасылық зорлық-зомбылық құрбаны болды деген ақпарат желдей есіп жүр. Өнер иесінің күйеуі әншіні аяусыз соққыға жыққан көрінеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жеке өміріндегі жағдайға қатысты Арапбаева ашық пікір білдірмегенімен, әлемжелідегі парақшасына жүрек қылын шертердей әсерлі «Мама айтшы» әнінің үзіндісін жүктеген.
Ән жолдарындағы «О, мама, айтшы қалай? Сенемін кімге оңай? «Алданып қалма» деп едің, …Мама, жаным жаралы» деген сөздер әншінің ішкі күйзелісінен хабар бергендей.
Egov.press арнасы таратқан мәліметке қарағанда, оқиға қаңтар айының басында болған. Ербол Нұрмұхамбетов есімді азамат қоғамдық орында бейәдеп сөйлеп, әншіге (әйеліне) күш көрсетіп, шашынан сүйреп, жұлқылай жөнелген. Астана соты Нұрмұхамбетовті ұсақ бұзақылық бойынша кінәлі деп танып, небәрі 10 күнге қамауға алумен шектеліпті.
«Бұл әрекетті қылмыстық деңгейде қарауға толық негіз бар еді. Алайда сот әкімшілік жаза ғана тағайындап отыр. Бас прокуратура істің материалдарын қайта тексеруі қажет», – делінген жазбада.
Полиция не дейді?
Оқиғаға қатысты Астана полициясы да ресми түсініктеме берді.
«Қоғамдық орында бейәдеп әрекеттер жасағаны үшін 43 жастағы қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар тұрғын үй ауласында азаматтық некедегі әйеліне қол көтергені дәлелденді. Сот шешімімен оған 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы белгіленді. Қазір оқиғаға қатысты барлық мән-жайлар қосымша тексерілуде», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Сондай-ақ, сот шешімімен оған бір жыл мерзімге шектеу шарасы енгізілген. Әншінің жанайқайы желі қолданушыларының алаңдаушылығын туғызып отыр.
Ал Шымкенттегі трагедия тың мәліметтермен толығуда. Депутат Әбенов қаскөйдің қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайға қатысты пікір білдіріп, полиция басшылығын жұмыстан қууды талап етті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

