21 қаңтарға Қазақстанның 13 облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазгидромет мәліметіне сәйкес, бірқатар өңірде тұман, көктайғақ, боран және желдің күшеюі күтіледі.
Ақмола облысының батысында, солтүстігінде және шығысында жаяу бұрқасын болжанып отыр, облыстың солтүстігінде түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін. Көкшетауда да түнде тұман күтіледі. Сонымен қатар өңірде қар жауып, боран соғуы ықтимал.
Алматы облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және таулы аймақтарында кей уақытта тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. Жел солтүстік-шығыс пен шығыс бағытта соғып, облыстың шығысында күндіз екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Алматы қаласында түнгі және таңғы мезгілде тұман күтіліп, жол беті тайғақ болады. Қонаев қаласында да осыған ұқсас жағдай сақталады.
Қазақстанды тұман басты
Түркістан облысының батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және таулы аудандарында көктайғақ пен тұман болжанады. Жел солтүстік-шығыстан соғып, күндіз кей жерлерде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Шымкент пен Түркістан қалаларында түнгі және таңғы уақытта тұман күтіліп, желдің екпіні күндіз 15–20 м/с болуы мүмкін.
Атырау облысының батысы мен оңтүстігінде тұман мен көктайғақ байқалады. Атырау қаласында да түнде және таңертең тұман түседі. Қызылорда облысының орталық бөлігінде тұман күтіліп, солтүстік-шығыс және солтүстік бағыттағы жел күндіз 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Қызылорда қаласында да желдің екпіні 15 м/с шамасында болады.
Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және шығысында көктайғақ күтіледі, Орал қаласында да жол беті тайғақ болады. Абай облысында оңтүстік-шығыс бағыттағы жел күшейіп, Жарма ауданында екпіні 15–20 м/с-қа жетуі ықтимал.
Ұлытау облысының шығысында, оңтүстігінде және орталығында тұман болжанып отыр, Жезқазған қаласында да осы құбылыс күтіледі. Қостанай облысының батысында, солтүстігінде және шығысында тұман түседі.
Маңғыстау облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында тұман мен көктайғақ байқалады. Облыстың солтүстік-шығысында түнде ауа температурасы -20–22 градусқа дейін төмендеп, қатты аяз күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және шығысында түнгі уақытта қар жауып, жаяу бұрқасын болады. Күндіз облыстың батысында, оңтүстігінде және шығысында әлсіз қар мен жаяу бұрқасын сақталады, батыс бөлігінде тұман түсуі мүмкін.
Жамбыл облысында кей уақыттарда тұман күтіледі. Жел солтүстік-шығыстан соғып, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аймақтарында екпіні 15–20 м/с-қа, ал күндіз кей жерлерде 25 м/с-қа дейін күшейеді. Тараз қаласында да тұман болжанып отыр.
Қазгидромет тұрғындарды жолға шыққанда және ашық аумақта жүргенде ауа райының қолайсыздығын ескеріп, сақтық шараларын күшейтуге шақырады.
Айтпақшы, Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары Құрманбек Сахов қызметінен босатылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

