Әлемдік теңіз тасымалының қозғалыс картасына бір сәт назар салсаңыз, жаһандық экономиканың қалай тыныстап тұрғанын аңғаруға болады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қызыл бағыттар танкерлер, жасыл сызықтар жүк кемелері, ал кейде олар теңізде ұзақ тұрған кезде жай ғана нүктеге айналады. Басқа түстер жолаушы және өзге мақсаттағы кемелерді білдіреді. Осы қарапайым визуалдың өзінен-ақ мұнай, логистика, саясат пен санкция бір-бірімен қалай байланысып жатқанын көруге болады.
– Қазір жаңалықтарда венесуэлалық мұнай тасымалдаған танкерлерді тұтқындау жиілеп кетті, – деп жазады саясат пен экономика тақырыбын ұзақ жылдан бері талдап жүрген Алмас Шөкин. – Ресми уәж санкциялық режимді бұзу. Бірақ халықаралық суларда кемені тоқтатуға тек сол кеменің тіркелген елі ғана құқылы екенін теңіз құқығы анық айтып тұр. Мәселе осы жерден күрделене бастайды.
Оның пайымынша, Ресей мұнайын тасымалдайтын кемелерге салынған санкциялар мәселенің екінші қырын ашқандай… Мұндай кемелер арнайы тізімге енгізіледі де, олармен қандай да бір коммерциялық байланысқа барған компания автоматты түрде екінші деңгейлі санкцияға ілінеді.
– Теңіздегі темір қалқыма әлі кеме емес. Кеме дегеніміз тіркеуі, туы, заңды мәртебесі бар көлік құралы, – дейді ол.

Теңіздегі көлеңкелі экономика
Дәл осы ерекшелік офшорлық жүйенің пайда болуына негіз болған. Кеме иесі, мысалы бразилиялық кәсіпкер, кемесін өз еліне емес, «ыңғайлы» юрисдикцияға тіркей алады. Панама, Либерия, Маршалл аралдары бүгінде әлемдік флоттың шамамен 40 пайызына «отан» саналады. Салық төмен немесе мүлде жоқ, кемені басқару, экипаж жалдау, сақтандыру, заңгерлік қызмет бәрі бір жерде шоғырланған.
– Теңіздегі халықаралық автоЦОН деуге болады, – деп әзілдейді автор.
Осы жүйе санкцияны айналып өтудің де тетігіне айналған. Бүгін санкциялық тізімге енген «Русалка» ертең «Альбатрос» аталып, басқа ту көтеруі мүмкін. Құжаттар қайта рәсімделеді, ал бақылаушы органдар қағаз қуалап қалады. Алмас Шөкин америкалықтар бір кездері Гайана туымен жүрген Bella-1 танкерін қуғанын еске алады. Ол Иран мұнайын Венесуэла бағытына жеткізіп, бос қайтып келе жатқан. Қуғын барысында кеме «Маринер» атанып, Ресей туын көтеріп шыға келген. Кейін «РФ мүлкін тәркілеу» туралы дау шықты.
– Ал нақтысында нөмірі мен корпустағы асығыс боялған тудан басқа Ресейге тиесілі ештеңе жоқ, – дейді ол.
Автор «көлеңкелі флот» ұғымын жай ғана астарлы атау деп санамайды. Бұл миллиардтаған доллар айналатын үлкен бизнес. Ресей мен Иран мұнайын «беделді» компаниялар тікелей сатып ала алмайды. Бірақ делдалға сата алады. Делдал оны тағы біреуге өткізеді, солайша мұнай соңғы тұтынушыға жетеді. Қағаз жүзінде бәрі тап-таза.
– Қажет болса, теңізде бір танкерден екіншісіне мұнай құяды. Urals-ты Arabian Light-пен араластырады. Нарықта ол қоспа эскимо балмұздағынан да «тәтті» көрінеді, – деп жазады Шөкин. – Жалғыз шығын сатушыда, себебі әр айналма операция ақшаны жейді.
Қазіргі заманда жасырынып қалу оңай емес. Осыны бір қарапайым оқиға дәлелдейді. Ковид кезінде бір жігіт Сингапурға келіп, екі апта қонақүй карантинінде отырады. Іс жоқ, терезеден Малакка бұғазымен өтіп жатқан кемелерді бақылап отырады. Бұл Азия мен Еуропаны жалғайтын ең тығыз теңіз жолы.
– Ол картаға қарап отырып, қай кеме қайда бара жатқанын ажырата бастайды. Кейін санкциялар енгізілді де, бұрын бір атпен жүрген кеме басқа атпен шыға келетін болды, кейде картада мүлде жоқ сияқты, ал бұғазға кіргенде аяқ астынан пайда болады, – деп баяндайды автор.
AIS транспондерлерін ашық теңізде өшіруге болады, бірақ Сингапур маңында емес қозғалыс тым тығыз. Сол жігіт байқағанын интернетке сала бастайды. Кейін спутниктік суреттермен салыстырып, мыңдаған адам танкерлердің бағытын бақылауға кіріседі.
– ЦРУ-дың керегі жоқ. Бір адам, бинокль және блокнот жеткілікті, – деп түйіндейді Алмас Шөкин.
Осы әңгіме теңіздегі қозғалыс картасы жай навигация құралы ғана емес, геосаяси және экономикалық процестердің айнасы екенін көрсетеді.
Айтпақшы, Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорын сынап тастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

