Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын бөлімшелердің ықтимал қарулы қақтығысқа толық әзірлігін қамтамасыз ету үшін жауынгерлік дайындықты түбегейлі жақсартуды талап етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Солтүстіккореялық ресми ақпарат құралдарының мәліметінше, ел басшысы Корея халық армиясы рота командирлерінің кезекті басқосуына қатысқан. Ол офицерлер құрамының алдына нақты талап қойып, әскери дайындықты жаңа деңгейге көтеру қажеттігін ескертті.
«Рота командирлерінің бірінші кезектегі міндеті – бөлімшелердің соғысқа толық әзірлігін қамтамасыз ету үшін жауынгерлік дайындықты аяқтау. Бұған оқу-жаттығу шараларын түбегейлі жақсарту арқылы ғана қол жеткізуге болады», – деді Ким Чен Ын.
КХДР жетекшісі командирлер мемлекеттің қарулы күштерін нығайтуда негізгі тірек болып қала беретінін айтып, армияның болашағы сенімді екенін жеткізді.
Шекарадағы жарылыс пен өзара айыптаулар
Пхеньян тарапынан мұндай мәлімдемелердің жиілеуіне Корей түбегіндегі ахуалдың күрт ушығуы себеп болды. Қос мемлекет арасындағы шиеленіс 21 қыркүйекте демилитаризацияланған аймақта болған оқиғадан кейін қайта тұтанған еді. Онда жаяу әскерге қарсы мина жарылып, Оңтүстік Кореяның үш бірдей әскери қызметкері түрлі жарақат алған болатын.
Сеул бұл жағдайға тікелей солтүстіктегі көршісін айыптады. Өз кезегінде ресми Пхеньян бұл жауапкершілікті үзілді-кесілді жоққа шығарды. Сонымен қатар, егер өзінің әскери қызметкерлеріне оқ атылатын болса, жауап соққысы «кідіріссіз әрі аяусыз» болатынын мәлімдеді.
Соққы құралдары мен ақпараттық майдан
Көп ұзамай Солтүстік Корея басшысының қарындасы әрі биліктегі партия өкілі Ким Ё Чжон оңтүстік шекарадағы жағдайдың тұрақсыздануына ресми Сеулді айыптаған еді. Оның сөзінше, қалыптасқан ахуалға оңтүстіккореялық әскери топтардың арандату әрекеттері тікелей себепші болып отыр.
Пхеньян шекара шебінде шоғырланған тактикалық соққы жасау құралдарының қатарын арттыруды көздеп отыр. Бұған қоса, өткен жылы тоқтатылған шекарадағы дыбыс зорайтқыштар арқылы үгіт-насихат хабарларын қайта тарату жоспарланып жатыр.
Оңтүстік Корея да қорғанысты күшейтуге кірісті. Елдің Біріккен штаб бастықтары комитетінің жетекшісі Чин Ён Сон майдан шебіндегі гарнизондарды аралап, жауынгерлерге солтүстік тараптан кез келген шабуыл немесе арандату байқалса, дереу әрі қатаң тойтарыс беруді тапсырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







