Қазақстанда жасөспірімдерге әлемжеліге кіруге шектеу қойылуы мүмкін. Вице-премьер, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қызу талқыға түскен бастаманың егжей-тегжейіне тоқталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Желіде шекара болмай тұр. Күн сайын мыңдаған бала мен жасөспірім виртуалды әлемнің түрлі қауіп-қатерімен бетпе-бет келеді. Сол себепті, 16 жасқа толмаған азаматтарға әлемжеліге тіркелуге тыйым салуды заңнамалық тұрғыда бекітуді ұсынып отырмыз», – деді Балаева Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі онлайн платформалар мен медиа саласын реттейтін жаңа заң жобаларын әзірлеген. Қазір осы құжаттар сарапшылар бағалауынан өтіп, қоғам талқысына ұсынылған.
Жаңа тәртіпті тиімді іске асыру үшін Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бірлесіп, желі қолданушыларының жасын анықтаудың нақты механизмін жасамақ.
Сондай-ақ талап бұзылған жағдайда қолданылатын шаралар да айқындалады.
«Бұл жерде мәселе тек шектеу қоюмен бітпейді. Қоғамның медиа сауатын арттыруға да ерекше көңіл бөлеміз. Тәуелсіз әрі сапалы медиа өнімдерін қолдау үшін арнайы комиссия құрылып, жұмыс жүріп жатыр», – деді вице-премьер.
Бұдан бөлек…
Аида Балаева отандық медианың жарнамадан табыс табуына да жол ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, онлайн платформалар мен қазақстандық БАҚ арасындағы жарнамадан түскен табысты әділ бөлу мәселесі заңнамалық тұрғыда реттеледі.
Сондай-ақ бұған дейін жарнамалауға тыйым салынған кейбір тауарлардың жарнамасына қайта рұқсат беру жағы қарастырылмақ.
«Медиа нарығымыз әлемдік алыптардың көлеңкесінде қалмай, өз көрерменіне сапалы контент ұсынуы тиіс. Ол үшін қаржылық тәуелсіздік қажет», – деп қорытындылады министр.
Айта кетелік, бұған дейін Балаева жекеменшік мектептердің «тым еркелеп» кеткенін мәлімдеген болатын.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда 8 жылда жеке мектептер саны жеті есеге жуық өсіп, бүгінде 785-ке жеткен. Осы өсім мемлекетке тым қымбатқа түсіп отыр. Сонымен қатар медицина саласындағы былық-шылықты жайып салған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

