«Атамекеннің» төріне жаңа төраға келді. Бұған дейін Президенттің уәзірі қызметін атқарған Қанат Шарлапаев кәсіпкерлер палатасына басшы болып сайланды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Осы күнге дейін Райымбек Баталов басқарған ұйымның жаңа жетекшісі XIII съезде ресми түрде бекітілді.
Қанат Шарлапаевтың еңбек жолы қаржы саласымен тығыз байланысты. Ресейдің Саратов қаласында дүниеге келген ол Ұлыбританияның беделді Cranfield менеджмент мектебінде білім алып, қаржы мен басқарудың қыр-сырын меңгерген. «Сити» инвестициялық банкінде басшылық қызмет атқарып, Чехия мен Ұлыбританиядан бөлек, Таяу Шығыс пен Африка нарығын да шарлап шыққан.
Қазақстанға оралғаннан кейін де осы деңгейден түскен жоқ. «Бәйтерек» ұлттық холдингін басқарды, кейін Президенттің экономика жөніндегі көмекшісі атанды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі болған тұста утиль алым үшін халықтан оңбай сөз естігенін ұмыта қойған жоқпыз.
2025 жылдың қыркүйегінде Тоқаевтың көмекшісі қызметінен қуылған Шарлапаев артынша «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесіндегі орнынан айырылған.
Сарапшылар не дейді?
Сарапшылар Шарлапаевтың «Атамекенге» келуін құлдырау деп бағалап отыр.
Ресейден келген қандас Тоқаевтың АҚШ сапарынан кейін барлық маңызды қызметінен айырылып тынған. Президенттің экономика бойынша кеңесшісі ретінде ол инвестиция тартуға және халықаралық әріптестермен маңызды мәміле жасауға жауапты еді.
Шарлапаев министр қызметіне тағайындалғанда тарихи Отанына оралған тәжірибелі қандас ретінде таныстырылып, оның шетелдегі білімі мен тәжірибесіне үлкен үміт артылған-ды.
Баталов? Райымбек мырза «Атамекендегі» миссиясының аяқталғанын күні кеше былай деп меңзеген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

