МӘМС қорының басшылығы толық ауысты. Бұған дейін Президент әкімшілігінде әлеуметтік-экономикалық саясатты бақылаған Гүлмира Сәбденбек енді Медициналық сақтандыру қорын басқарады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа басшының медицина саласында тәжірибесі мол: мамандығы бойынша дәрігер, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі, кезінде Ұлттық медициналық холдингтің стратегиялық даму департаментін басқарған, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы басшысының орынбасары болған.
Сонымен қатар, ұжымға басқарма төрағасының бірінші орынбасары ретінде Айдар Мекебеков таныстырылды. Оның қаржы саласындағы тәжірибесі жеткілікті: еңбек жолын салық инспекторынан бастап, Қаржы министрлігінде түрлі басшылық қызметтерді атқарған. Соңғы уақытта «Қазақмыс» корпорациясында қаржылық алаяқтыққа қарсы күрес департаментін басқарды.
Қаржы министрлігі жаңа басшылықтың негізгі міндеті қор қаржысын халықтың шынайы қажетіне сай әділ әрі ашық үлестіру, медициналық қызмет сапасын арттыру екенін атап өтті.
Айта кетелік…
Бұған дейін МӘМС қорына жүргізілген тексеріс жаға ұстатар заңсыздықтарды әшкерелеген еді. Астанада бір дәрігердің тәулігіне 1442 пациентті қабылдағаны, тағы бір маманның бір айда 4832 адамға қызмет көрсеткені туралы жалған деректер тіркелген.
Ер адамдарға маммография жасаған, дүниеден озған кісілерге медициналық қызмет көрсеткен болып құжат толтырған. Тіпті балаларға мыңдап дәрі-дәрмек «тағайындаған» жаппай жалған есептер де анықталды.
Осындай сорақылықтардан кейін премьер-министр Олжас Бектенов барлық заңсыздық бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жолдап, қорды Қаржы министрлігінің қарауына өткізуді тапсырған еді.
Президент Тоқаев Үкіметтің бастамасын қолдап, қордағы жағдайды «мемлекет қаржысын ұрлауға бағытталған жалған құжат жасаудың жаппай көрінісі» деп атаған болатын. Қордың қаржылық ағынына бақылаудың әлсіздігін Мәжіліс те сынға алған. Депутат Бақытжан Базарбек қорды «өз қолымызбен жасаған монстырға» теңеген еді.
Еске салсақ, тек 2024-2025 жылдары денсаулық сақтау саласына мемлекеттен 7,8 триллион теңге бөлінген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

