АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери қимылдар жасалуы мүмкін екенін тағы да мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Бізде осы бағытта қозғалатын үлкен флот бар. Мүмкін, оны қолданудың қажеті болмайды. Көре жатармыз», – деді Трамп 22 қаңтар, бейсенбі күні Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумнан оралғанда журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұрып.
Ақ үй басшысы сонымен қатар Иранға қарсы әскери күш қолдануды қаламайтынын айтты.
–Біз Иранды бақылап отырмыз. Ештеңе болмағанын қалар едім, бірақ біз оларды мұқият қадағалаудамыз, – деп қосты ол.
Reuters агенттігі аты-жөнін жарияламауды сұраған америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлауынша, Таяу Шығысқа жақын уақытта бірнеше басқарылатын зымырандармен жабдықталған эсминецтердің қолдауымен «Авраам Линкольн» авиатасымалдаушысы жіберіледі. Сондай-ақ, аймақтағы америкалық базаларды Иранның ықтимал шабуылынан қорғау үшін қосымша әуе шабуылынан қорғаныс жүйелері орнатылуы мүмкін екендігі айтылды.
Құқық қорғаушылар Ирандағы наразылық шерулерінде 5 мыңнан астам адамның қаза тапқанын растады. АҚШ-та орналасқан HRANA құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Ирандағы билікке қарсы наразылықты басып-жаншу кезінде 5002 адам қаза тапқан. Олардың ішінде 4714 шеруші, 207 мемлекеттік қызметкер, 42 кәмелетке толмаған бала және 39 кездейсоқ өтіп бара жатқан адам бар. Бұдан бөлек, 9787 адамның өлімі туралы деректер тексеріліп жатыр.
Бұған дейін Иран үкіметінің аты-жөнін айтпаған бір өкілі Reuters агенттігіне берген мәлімдемесінде кем дегенде 5000 адамның, оның ішінде 500-ге жуық қауіпсіздік қызметкерінің қаза тапқанын хабарлаған болатын. Ол жазықсыз ирандықтардың өліміне шерушілердің өздері жауапты деген еді.
HRANA белсенділері наразылық акциялары кезінде шамамен 26 800 адам тұтқындалғанын хабарлады. Иранның мемлекеттік БАҚ өкілдері де соңғы күндері бірнеше аймақта жаппай тұтқындаулардың болғанын растады.
АҚШ-тың Ирандағы наразылықтарға байланысты ұстанымы желтоқсан айының соңында басталған шерулерді басып-жаншу фонында шиеленісіп тұр. Бастапқыда АҚШ президенті Иран билігі шерушілерді жаппай өлтіруді бастаса, «бұрын-соңды болмаған соққы» жасалатынын ескерткен. Бірақ 16 қаңтарда Трамп «Иран 800-ден астам адамды дарға асудан бас тартты» деп, біршама жұмсақ мәлімдеме жасаған еді.
Дегенмен Axios басылымының дереккөздері хабарлағандай, Трамп шабуыл жасау туралы шешім қабылдауды кейінге қалдырғанымен, әскери қимылдар мәселесі әлі де күн тәртібінен түспеген.
Айтпақшы, Қазақстан Трамптың Бейбітшілік кеңесіне ешқандай жарнасыз мүше болғанын білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

