2025 жылы Түркістан облысы мемлекеттік бюджетке 1 триллион теңгеден астам салық жинап, жоспарды 101,2%-ға орындады. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 234 миллиард теңгеге көп, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ерлан Тұрысов мәлімдеді.
– Өткен жылы бюджетке қосымша 12 миллиард теңге анықталып, толық өндірілді. Камералық бақылаудан – 5,7 миллиард, жер қойнауын пайдаланушылардан – 3,5 миллиард, кедендік және ҚҚС әкімшілендіруінен 2,6 миллиард теңге түсті. Сонымен қатар, көлеңкелі экономикаға қарсы күрес күшейтілді. Былтыр кедендік бақылау кезінде есірткі тасымалдаудың 32 дерегі анықталды.
Мұнай өнімдерін заңсыз алып өтудің 271 жағдайы тіркеліп, 16,1 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Тәркіленген жанар-жағармайдың көлемі 25,6 тонна бензин және 37,2 тонна дизель отынын құрады. Шетелге заңсыз ақша алып өтудің 5 жағдайы тіркеліп, жалпы сомасы 115 мың АҚШ долларына жетті, – деді Ерлан Тұрысов.
Тәулік бойы кеңес берді
Бұған қоса, рейдтік шаралар барысында 640 салық бұзушылығы анықталған. Оның ішінде касса аппаратын қолданбаған 375 кәсіпкер бар. Ал кәсіпкер ретінде тіркелмей сауда жасаған 143 тұлға, POS-терминал қолданбаған 7 жағдай, лицензиясыз алкоголь сатқан 115 дерек тіркеліп, барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Облыстағы 4 кеден бекетінен күн сайын 40 мың адам, 1000-нан астам жүк көлігі, 1500 жеңіл көлік пен 80 автобус өтеді. Сондай-ақ, департаменттің байланыс орталығына былтыр 32,5 мыңнан астам адам хабарласып, барлық мәселе жедел шешілген.
Ал салықтық ақпарат алу үшін тұрғындар «Салық төлеушінің кабинеті», «Egov.kz» порталы және «E-salyq Azamat», «E-salyq Business» қосымшаларын қолдануда. Тұрғындарға тәулік бойы кеңес беретін «Telegram» желісіндегі «Salyq Bot» қызметі де жұмыс істейді.
Жаңа салық кодексі туралы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Сәуле Шырынбекова айтып берді.
– 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енді. Ол бойынша бірқатар маңызды өзгерістер бар. Атап айтқанда, салық ставкалары өзгеріп, ҚҚС реформаланды, «Сән-салтанат салығы» енгізілді, салық жеңілдіктері ашық әрі анық көрсетілді. Енді корпоративтік табыс салығы – 20%, банк қызметі мен ойын бизнесіне – 25%, әлеуметтік сала – 5%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер – 3%, ауыл шаруашылығы кооперативтері – 6%, ал қосымша құн салығы (ҚҚС) – 16%, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге – 5% мөлшерінде белгіленді. Акциздер алкоголь мен темекіге жыл сайын 10%-ға өсіп отырады, – деді Сәуле Шырынбекова.
Оның айтуынша, сән-салтанат салығына 18 000 АЕК-тен жоғары көліктер, 24 000 АЕК-тен жоғары яхта мен ұшақтар құнының 10%-ы төленеді. Бағасы 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік үшін 2 миллион 946 мың теңге салық алынады.
Жаңа жүйеде жоспарлы тексерулер алынып тасталды. Бұдан былай салықтық тексерулер бұзушылықты анықтауға емес, оның алдын алуға бағытталады. Шағын және орта бизнес өкілдері үшін тексеру тәртібі жеңілдетіледі. Сондай-ақ, енді декларацияны уақытында тапсырмағандарға айыппұл салынбайды, кейін қосымша декларациямен түзету енгізуге мүмкіндік беріледі.
Жалпы жаңа Салық кодексі бизнеске қолайлы жағдай жасап, салықтық есептілік формаларын 30%-ға қысқартты. Осылайша, мемлекет кәсіпкерлерге қолайлы салықтық орта қалыптастыруды мақсат етіп отыр.
Айтқандай, еліміз бойынша шағын бизнестің тынысы ашылатын болды. Үкімет салық берешегі бар кәсіпкерлерге өсімпұл мен айыппұлды кешіру, тексерісті уақытша тоқтату жөнінде шешім қабылдады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

