Kaspi.kz 2026 жылғы 2-8 тамыз аралығында Астанада өтетін IOAI 2026 халықаралық жасанды интеллект олимпиадасының бас серіктесі болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстан алдағы жазда жасанды интеллект саласындағы ең дарынды жас өкілдерді қабылдайды. Олимпиадаға 100 елден 400-ден астам оқушы мен студент, команда тәлімгерлері, халықаралық сарапшылар және технологиялық индустрия өкілдері қатысады.
IOAI 2026 ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының спорттық бағдарламалау федерациясы. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің және UNESCO-ның қолдауымен өтеді. Жаһандық демеушілер қатарында Google, Huawei және басқа да жетекші технологиялық компаниялар бар.
Астанада IOAI 2026 өткізу Қазақстан үшін маңызды технологиялық белес саналады. Ел жасанды интеллект секілді болашақ экономикасының негізгі бағыты бойынша әлемдегі талантты жастар жиналатын орталықтың біріне айналып отыр. Мұндай жарыс тек білім додасы ғана емес, Қазақстанның технологиялық амбициясын, білім беру әлеуетін және жас инженерлер буынын халықаралық деңгейде танытатын алаңға айналады.
Қазақстандық оқушылар мен студенттер халықаралық аренада қазірдің өзінде жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Қытайда өткен IOAI 2025 олимпиадасында Қазақстан командасы әлемнің ең үздік 100 командасы арасында 4-орын иеленді.
Сонымен қатар 2024 жылы Қазақстан спорттық бағдарламалау бойынша ең беделді әлемдік чемпионаттың бірі ICPC World Finals жарысын қабылдаған еді. Осы тәжірибе елдің ірі технологиялық жарыстарды ұйымдастыруға дайын екенін көрсетті.
Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе Қазақстанның IOAI 2026 халықаралық жасанды интеллект олимпиадасын қабылдайтынын мақтанышпен атап өтті. Оның айтуынша, мұндай әлемдік деңгейдегі оқиға қазақстандық оқушылар мен студенттерге өз білімін, талантын және ұмтылысын көрсетуге үлкен мүмкіндік береді.
Михаил Ломтадзе Kaspi.kz жасанды интеллектіні өз өнімдері мен сервистерін ыңғайлы, қауіпсіз әрі пайдалы ету үшін белсенді қолданып келе жатқанын айтты. Компания үшін AI-олимпиадасын қолдау Қазақстанда болашақ технологияларын жасайтын жаңа буын мамандарын дамытуға қосылған үлес ретінде қаралады. Оның сөзінше, жас қазақстандықтардың заманауи технологияны тек пайдаланушы ретінде емес, оны жасап шығаратын маман ретінде қалыптасуы маңызды.
Жаһандық AI жарысы Астанада
IOAI 2026 олимпиадасын қолдау Kaspi.kz-тің Қазақстандағы технологиялық білім беруді дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді жұмысының жалғасы. Компания білім беру бастамаларын, бағдарламалау және киберқауіпсіздік жарыстарын қолдап келеді. Сонымен қатар жас таланттардың практикалық білім алып, нақты технологиялық ортада тәжірибе жинауына мүмкіндік беретін жобаларға қатысады.
Астанада өтетін IOAI 2026 Қазақстан үшін халықаралық жарыс өткізумен ғана шектелмейді. Ол елдің талантты инженерлер, қабілетті жастар және үлкен технологиялық мақсаттар қалыптастыра алатын мемлекет екенін көрсетуге мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект бүгінде экономиканың, мемлекеттік басқарудың, білімнің, медицинаның және қаржы технологияларының негізгі құралына айналып келеді. Сондықтан мұндай олимпиадаға серіктес болу елдегі AI экожүйесін дамытуға да ықпал етеді.
Kaspi.kz өз миссиясын клиенттер мен серіктестердің өмірін жақсартатын инновациялық өнімдер мен сервистер жасау деп сипаттайды. Компанияның сервистерін Қазақстан мен Түркияда 25 миллионнан астам клиент және 900 мың серіктес пайдаланады.
Қазақстанда Kaspi.kz суперқосымшасы төлем, электронды коммерция, онлайн супермаркет, финтех, саяхат, хабарландыру, мемлекеттік қызмет және басқа да сервисті біріктіреді. Түркияда Kaspi.kz елдегі жетекші электронды коммерция платформасы Hepsiburada-ның иесі саналады.
Айтқандай, Kaspi.kz үшінші жыл қатарынан қазақстандық заманауи музыканың ең ірі фестивальдерінің бірі OYU Fest-тің бас серіктесі болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







