Бүгін Конституциялық комиссияның екінші отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Ата заңымызға ұсынылатын маңызды өзгерістерді таныстырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, бұл ұсыныстар азаматтардың, саяси партиялар мен қоғам белсенділерінің пікірлерін ескере отырып дайындалған.
Өзгерістердің негізгі бөлігі мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, Үкіметтің, Конституциялық соттың, прокуратура мен сот билігінің кейбір функцияларын нақтылау, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру, арнайы құқықтық режимдерді белгілеу ережелерін қайта қарастыру ұсынылып отыр.
Сондай-ақ жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтайдың қызметіне қатысты маңызды түзетулер бар. Жаңа құрылымда төрағаның тағайындалу тәртібі, депутаттық корпустың қалыптасуы және басқа да рәсімдік мәселелер айқындалады.
– Конституцияға енгізілетін өзгерістердің маңыздылығын ескере отырып, түзетулер мен толықтырулар енгізу тәртібін жеке бөлім ретінде реттеу ұсынылды, – деп атап өтті Ерлан Сәрсембаев.
Бұған қоса, министр мемлекеттік бағдарламаларды бекіту функциясын Үкімет құзыретінен алып тастау қажеттігін айтты. Себебі жаңа жүйе бойынша мұндай бағдарламалар міндетті түрде емес, қажеттілік туындаған жағдайда ғана қабылданатын болады.
Сот жүйесінде де өзгерістер бар. Ерлан Сәрсембаев әкімшілік соттарды Конституцияда нақты көрсету арқылы олардың мәртебесін күшейту қажеттігін атап өтті. Бұл азаматтар мен мемлекет арасындағы жария-құқықтық дауларда әділеттіліктің кепілдігін арттырып, халықтың сотқа деген сенімін нығайтады.
«Ұсынылған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығы мен болжамдылығын арттырады. Бұл – еліміздегі экономикалық тұрақтылықтың, әлеуметтік міндеттемелердің орындалуының және халықаралық шарттардың сақталуының кепілі», – деді министр өз баяндамасында.
Айпақшы, заңгер Жангелді Сүлейманов салық кодексін жетілдіру бойынша ұсыныстардың бюрократияға ұшырап, Президент тапсырмасы орындалмай отырғанын ашық айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

