Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің энергетика саласындағы нақты дағдарысты бос сөзбен бүркемелеп, қымбат жиындар өткізуді әдетке айналдырған шенеуніктерге қатаң ескерту жасады. Мемлекет басшысы елге көзбояушы шоулар емес, нақты генерация мен кәсіби мамандар ауадай қажет екенін шегелеп айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Маман саусақпен санарлық, жиыннан көз сүрінеді»
Ақордада сөйлеген сөзінде Президент жаһандық деңгейде «электр дәуірі» басталғанын, мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі мен нағыз егемендігі ең алдымен қуат көздерінің жеткілікті болуымен өлшенетінін еске салды. Алайда отандық энергетика саласында нақты істен гөрі, даңғаза жиындар алға шығып кеткен.
Қазақстанда қазір жылына 123 миллиард киловатт-сағат электр қуаты өндіріледі. Индустрияландыру мен цифрландыруды мақсат еткен ел үшін бұл көлем апатты түрде аз. Соған қарамастан, министрліктер мен ұлттық холдингтер мәселені шешудің орнына қымбат қонақүйлерде презентация жасаудан аса алмай отыр.
«Бізде кәсіби энергетиктер саусақпен санарлықтай ғана, ал энергетика мәселелеріне арналған форумдар мен пікірталастар таңғаларлық жиілікпен және кең ауқымда өткізіледі. Сондықтан кезінде Балқашта басталған ЖЭО құрылысын құлатып үлгергені де таңғалдырмайды. Қазір Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа генерациялаушы қуаттарды іске қосу жұмыстары сыр беріп отыр», – деді Президент Тоқаев.
Құлаған Балқаш пен созылған станциялар
Шенеуніктердің форум ұйымдастыруға келгендегі пысықтығы жаңа станция салуға келгенде сап тыйылады. Кезінде басталған Балқаш жылу электр станциясының құрылысы аяқсыз қалып, қаңырап қалды. Ал Алматының екінші және үшінші жылу электр орталықтарын жаңғырту мерзімі бірнеше рет бұзылып, құрылыс баяу жүруде. Жақында ғана «Самұрық-Энерго» басшысының қызметінен шұғыл босатылуы осы жүйелік салғырттықтың айқын дәлелі болды.
Түркістан, Қызылорда мен Екібастұздағы жаңа қуат көздерін іске қосу кестесі де үнемі кейінге шегеріліп келеді. Салдарынан Қазақстан қыс түссе көрші елдерден қымбат бағаға электр энергиясын импорттауға мәжбүр болып, энергетикалық тәуелділіктің шырмауынан шыға алмай отыр.
Қыста тоңып, жазда ұмытатын әдет
Екібастұз, Риддер, Саран сынды қалалардағы апаттардан халық әлі ес жиған жоқ. Жыл сайын күз бен қыс айларында құбырлар жарылып, қазандықтар істен шыққанда шенеуніктер аяқтарынан тік тұрып, «жағдай бақылауда» деп ақталады. Ал жаз шықса болғаны, қаусап тұрған инфрақұрылым жайына қалып, қазынаның қыруар қаражаты кезекті халықаралық форумдар мен дөңгелек үстелдерді өткізуге жұмсалады.
Жарық пен жылусыз отырған қарапайым жұртқа шенеуніктердің қымбат костюм киіп, сахна төрінде сөйлеген сөздері мен әдемі слайдтарынан келер пайда шамалы. Қазандықтың түбінде күйе болып жүретін қарапайым жөндеуші слесарьлар мен инженерлердің жалақысы мардымсыз болғандықтан, салада нағыз мамандар қалмады. Есесіне, энергетикадан түк хабары жоқ пиар-менеджерлер мен шенеуніктердің армиясы қалыптасты.
Қазына қаржысы шоуға емес, станцияларға жұмсалсын
Энергетикалық жүйедегі тапшылық қазір жарылыс алдында тұр. Президенттің 2029 жылға қарай тұрақты энергия профицитіне қол жеткізу туралы тапсырмасы осы саланың соңғы мүмкіндігі деуге болады. Егер жасанды интеллект пен жаңа өндіріс дамитын болса, елге жүздеген жаңа мегаватт қуат қажет.
Үкімет қазынаның миллиардтарын мағынасыз халықаралық форумдарға шашуды дереу тоқтатып, барлық қаражатты ескі станцияларды түбегейлі жаңартуға және жас инженер-энергетиктерді даярлауға бағыттауы тиіс. Өйткені қыстың қақаған аязында халықтың үйін шенеуніктердің әдемі баяндамалары емес, тек сапалы жұмыс істейтін генерация ғана жылыта алады. Show-бизнеске айналған энергетикалық басқару моделінен шұғыл бас тартпасақ, елдің энергетикалық тәуелсіздігі біржола күйреуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!





