АҚШ-та қарашаның басында өтетін Конгреске аралық сайлауға санаулы күндер қалғанда қос партия арасындағы саяси тартыс шегіне жетті. Жалпыұлттық сауалнамалардың жаңа деректері бойынша Демократиялық партия Өкілдер палатасында көпшілік дауысқа қол жеткізуге жақын тұр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өкілдер палатасы кімнің қолына өтеді?
Қазіргі уақытта АҚШ Конгресінің төменгі палатасында республикашылдар өте мардымсыз басымдыққа ие. Демократтарға 218 орыннан тұратын көпшілікті қайтару үшін қосымша үш округте жеңіске жету жеткілікті. 435 округтің шамамен 70-інде нағыз тартысты бәсеке өтіп жатыр.
CNN жүргізген қоғамдық сауалнамалардың соңғы жиынтығы бойынша Демократиялық партия 52 пайыз көрсеткішпен көш бастап тұрса, Республикалық партияға сайлаушылардың 43 пайызы дауыс беруге ниетті.
Әлеуметтанушылар қазіргі тоғыз пайыздық алшақтықты президент Трамптың халық арасындағы төмен рейтингімен және елдегі өмір сүру құнының қымбаттауына байланысты сайлаушылардың наразылығымен байланыстырады. Қазірдің өзінде 31 миллионнан астам америкалық мерзімінен бұрын дауыс беріп үлгерген.
Сенаттағы шешуші майдан
Сенат тізгінін анықтайтын шамамен он штатта кандидаттардың мүмкіндігі бірдей болып тұр. Дәстүрлі түрде консервативті саналған Оңтүстік Каролина, Флорида және Канзас сияқты өңірлерде де демократтардың көрсеткіші айтарлықтай өскен. Аляска штатындағы сенаторлық орын үшін талас тіпті сот деңгейіне дейін жетті.
Республикашылдар палатадағы орындарын сақтап қалу үшін сайлау науқанына қаржыны еселеп құйып жатыр. Төменгі палата спикері Майк Джонсон партияластарын қолдау мақсатында қосымша демеушілік қаражат тартуға күш салуда.
Трамптың жауабы мен жаңа саяси кезең
Ақ үй басшысының сайлау қорытындыларын қалай қабылдайтыны да басты назарда. Оған журналистер тарапынан сайлау нәтижесі қандай болса да мойындайсыз ба деген сауал қойылды.
«Егер олар әділ өтсе, әрине, сайлау нәтижесін қабылдаймын», – деді Дональд Трамп.
Егер демократтар Конгрестің қос палатасының бірінде немесе екеуінде де жеңіске жетсе, олар президент әкімшілігіне тергеу жүргізу мен бюджет шығындарын қадағалау бойынша кең өкілеттікке ие болады. Бұл АҚШ-тың ішкі саясатындағы тепе-теңдікті түбегейлі өзгертуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







