Маркетплейс арқылы тауар сататын кәсіпкерлердің табысы туралы ақпарат енді Мемкірістер комитетіне жіберіледі. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шенеуніктің айтуынша, салық органдары мен отандық маркетплейс платформалары осы мәселе бойынша арнайы келісімге келген.
«Өздеріңіз білесіздер, кейбір кәсіпкерлер маркетплейс арқылы сауда жасап, нақты айналымын көрсетпей отыр.
Енді салық органдары кәсіпкерлердің белгілі бір мерзімдегі тоқсандық, жартыжылдық немесе жылдық сатылым көлемі туралы толық мәлімет алады. Мысалы, платформада 300 мың сатушы болса, кімнің қаншаға сатқанын анық көре аламыз.
Бір кәсіпкер миллион теңгеге, екіншісі 500 мың теңгеге тауар сатса, соның бәрі бізге айқын көрсетіліп отырады», – деді Ержан Біржанов салықтық әкімшілендіру бойынша өткен лекцияда.
Вице-министр мұндай шара кәсіпкерлердің табысын ашық бақылауға мүмкіндік беріп, олардың заңға сай салық төлеуін қамтамасыз ететінін атап өтті. Бірақ қазақтардың интернет арқылы сатып алған тауарының түрі мен бағасы туралы ақпарат салық органдарын қызықтырмайды.
«Бізге сатушылар туралы дерек керек. Азаматтар жеке қолдануға сыпырғыш немесе косметика сатып алса, ол бізді мүлде қызықтырмайды», – деді ол.
Бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссия азаматтардың шетелдік маркетплейстен (Қытай, АҚШ, Еуропа) сатып алған тауарын баж салығынсыз кіргізу шегін 200 еуро мөлшерінде бекіткен болатын. Яғни, 200 еуроға дейінгі тауарға салық салынбайды.
Айта кетелік, күні кеше танымал заңгер Тоқаевқа шағым айтып, салық кодексін жетілдіру бойынша ұсыныстар бюрократияға ұшырап мәлімдеген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

