Қазақ өнерінде тың жаңалық ұлттық әуеннің жанашыры Қарақат Әбілдина тұңғыш рет жетіген аспабына арналған ерекше жинағын таныстырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Қарақат салған қанатты ән» деп аталған бұл кітап әнші шығармашылығының ғана емес, ұлттық өнердің өрісін кеңейткен бірегей еңбек болып отыр. Оның басты ерекшелігі ұлттық аспап жетігенге арналған 32 әннің мәтіні мен ноталары алғаш рет толық жинақталып, әрбір туынды QR-код арқылы аудионұсқасымен бірге ұсынылған.
Қарақат Әбілдина бұл туындыны жас музыканттарға арналған «өнерге шақыру» кітабы деп атады.
– Жетіген бабалар мұрасы, қазақтың рухани байлығы. Бұл аспаптың үні ғасырлар бойы ұмытылмай, болашаққа жетсін деген ниетпен, шығармашылығымды жүйелеп, арнайы жинақ етіп шығаруды жөн көрдім. Әр туындыны орындап қана қоймай, оны нотаға түсіріп, заманауи аудио үлгімен толықтырдым. Бұл, ең алдымен, жетігенді үйренуге ниетті жас өнерпаздар мен ұстаздарға септігін тигізсе екен деймін. Кітаптың өзі де – балалық шақтағы арманымның бір бөлшегі, – дейді әнші.
Жинақтың тұсаукесер рәсіміне белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, ұлттық құндылықты дәріптеушілер мен зиялы қауым өкілдері қатысып, Қарақаттың шығармашылық бастамасын қазақ музыкасы үшін «тың серпін», «ерекше құнды дүние» деп жоғары бағалады.
Жаңа туынды ұлттық өнердің қадір-қасиетін арттырып, жетіген аспабының жаңа дәуірде қайта жандануына жол ашады деген үміт бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

