Биылдан бастап ҚР Салық кодексіне сәйкес электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) рәсімдеу тәртібіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізіледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
ЭШФ-ны міндетті растау тәртібі
Енді түзетілген, қосымша және кері қайтарып алынған электрондық шот-фактуралар (ЭШФ) алушы тарапынан міндетті түрде расталуы тиіс.
Атап айтқанда, ЭШФ ақпараттық жүйесінде (ЭШФ АЖ) ҚҚС төлеуші болып табылатын алушыдан растау алған жағдайда ғана түзетілген және қосымша ЭШФ рәсімделген болып саналады. Ал кері қайтарып алынған ЭШФ алушы растаған жағдайда ғана кері қайтарылды деп есептеледі.
ҚҚС төлеуші болып табылмайтын алушылар үшін белгіленген мерзім ішінде ешқандай әрекет болмаса, автоматты түрде расталған деп саналады.
ЭШФ жазуға міндетті тұлғалар тізімі кеңейтілді
Электрондық шот-фактура рәсімдеуге міндетті тұлғалардың тізімі де айтарлықтай кеңейтілді. Оның ішінде мынадай тұлғалар ЭШФ жазып беруге міндеттеледі:
ҚҚС төлеушілер бейрезиденттен сатып алынған жұмыстар мен қызметтер бойынша (егер қызметтер Қазақстан аумағында көрсетілген деп есептелсе);
оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер;
медициналық қызметтер, дәрілік заттар, медициналық бұйымдар және техникалық қосалқы құралдармен қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсететін субъектілер;
адвокаттық кеңселер немесе осындай кеңселер аясында қызмет ететін адвокаттар.
Бұл ретте азаматтық-құқықтық мәміле бойынша құны айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен асатын ЭШФ жазып беру туралы міндеттемені көздейтін бұрынғы норма Салық кодексінен алынып тасталғанын атап өту қажет.
Биометриялық сәйкестендіру
ЭШФ ақпараттық жүйесіне қатысушыларды биометриялық сәйкестендіруден өткізу тәртібі енгізіледі. Мұндай сәйкестендіру мынадай жағдайларда міндетті:
ЭШФ АЖ-ге тіркелген кезде;
Салық кодексінің 93-бабына сәйкес тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде тәуекел анықталған жағдайда ЭШФ куәландырылған кезде.
Бұл ретте биометриялық сәйкестендіру жалпы саны 3 (үш) табысты растаумен шектеледі. Осыдан кейін салық төлеуші ЭШФ жазуды биометриядан өтпей-ақ жалғастыра алады.
Тауар кодын көрсету
ЭШФ-да «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген жағдайларда Ұлттық каталогына сәйкес тауар кодын көрсету міндеттеледі.
ҚҚС сомасын есепке жатқызу тәртібі
ҚҚС сомасы есепке жатқызылған жағдайда ЭШФ ақпараттық жүйесінде мұндай соманың танылғаны туралы белгі қойылады. Бұл белгі декларация ұсынғанға дейін қойылуы тиіс, сондай-ақ тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді нақты алған кезеңі көрсетілуі қажет.
Комиссия шарты бойынша сыйақыны көрсету
Комиссионерлер мен экспедиторлар шот-фактурада өздерінің сыйақы сомаларын жеке жолмен бөлек көрсетуге міндеттеледі. Бұл талап комиссия шартының талаптарына сәйкес рәсімделген шарттарға және көлік экспедициясы шарттарына қолданылады.
Жеткізуші деректемелеріндегі өзгеріс
ЭШФ «Жеткізушінің деректемелері» бөлімінің V бөліміне «ҚҚС төлеушінің тіркеу есебіне қою күні» деген жаңа 9-жол қосылды. Бұл жаңалық салық әкімшілігін жетілдіруге бағытталған.
Жоғарыда көрсетілген өзгерістердің барлығы Қазақстан Республикасының салық заңнамасын одан әрі жетілдіруге, салықтық әкімшілендіруді тиімді етуге және салық төлеушілердің міндеттемелерін нақты орындауын қамтамасыз етуге бағытталған.
Білі жүріңіз, 16-18 ақпан аралығында Қазақ-Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу бекеттерінде азаматтарды, көлік құралдары мен жүктерді өткізу тоқтайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

