Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Жетісу облысында вегетация кезеңге дайындық және ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға қатысты кеңес өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңірлік кеңеске облыс әкімі Бейбіт Исабаев, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, AMANAT партиясының өкілдері, Ұлттық экономика министрлігі, құқық қорғау органдары, су шаруашылығы ұйымдары мен шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.
Жиында су тапшылығының алдын алу мәселесіне басымдық берілді. Фермерлерге су үнемдеу технологияларын жедел енгізу қажеттігі айтылды. Ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егіс көлемін кезең-кезеңімен қысқарту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жетісу облысында 2026 жылға ауыл шаруашылығы үшін белгіленген су пайдалану лимиті 1,877 млрд текше метрді құрайды. Соның 1,837 млрд текше метрі егістікті суаруға бағытталған. Әкімдік мәліметіне сәйкес, өңірдегі жоспарланған егіс алқабы 147 мың гектар. Қазіргі кезеңде барлық су қоймасы су жинау режимінде жұмыс істеп тұр.
Су үнемдеу жүйелерін ынталандыру шаралары күшейтілді. Ұңғыма бұрғылау, инфрақұрылым тарту және су үнемдейтін жабдықтарды сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50 пайыздан 80 пайызға дейін артты. Егіндік суға сараланған тариф енгізілді. Су үнемдеу технологиясын қолданатын шаруалар үшін субсидия көлемі 85 пайызға дейін жеткізілді. Өзге шаруашылықтар үшін қолдау мөлшері жыл сайын 10 пайызға қысқарып отырады.
Суармалы жерлерді қалпына келтіру
Қабылданған шешімдер нәтижесінде су үнемдеу технологиялары енгізілетін алқаптар көлемі жыл сайын 150 мың гектардан аса ұлғайып келеді. Ел көлемінде мұндай технологиялар 543,5 мың гектар суармалы жерде қолданылған. Соның арқасында 874 млн текше метр су үнемделді. Жетісу облысындағы көрсеткіш 33,7 мың гектарға жеткен. Осыған байланысты вице-премьер 2030 жылға дейін суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын толық енгізуді тапсырды.
Кеңес барысында бұрынғы кеңестік кезеңде пайдалануға берілген суармалы жерлер мәселесі де қозғалды. Алдағы жылдары олардың мелиоративтік жағдайын жақсартуға бағытталған негізгі жобаларды аяқтау жоспарланып отыр. Тозған алқаптарды қайта айналымға енгізу арқылы суармалы жер аумағын кеңейту қажеттігі айтылды. Су саласындағы заңсыз әрекеттерге жол бермеу міндеті де атап өтілді. Су пайдаланудағы «қара нарық» толық жойылуы тиіс екені ескертілді.

Егінге қажетті суды әділ бөлу үшін жаңа биллинг жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. Платформа арқылы өтінім беру, келісімшарт жасау және төлем жүргізу толық электронды форматқа көшірілді. Фермерлерге түсіндіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Жетісу облысының алты ауданында шамамен 450 шаруамен кездесу өтті.
2028 жылға дейінгі Су шаруашылығын кешенді дамыту жоспары аясында бірнеше ірі жоба дайындалып жатыр. Үш су қоймасын, екі гидроторапты және бір магистралды каналды реконструкциялауға арналған жобалау-сметалық құжат әзірленуде. Жеке инвестициялар есебінен сыйымдылығы 80 млн текше метр болатын су қоймасын салу көзделген. Бұдан бөлек, тағы жеті су қоймасының құрылысына техникалық-экономикалық негіздеме дайындалуда. Екі мың шақырымнан астам суару каналын қалпына келтіру және 400 шақырымға жуық каналға автоматтандыру жүйесін енгізу жоспарланған.
Ислам даму банкімен бірлесіп, өңірде суару желілерін жаңғырту бойынша алты жоба іске асырылып жатыр. Соның біреуі толық аяқталды. Жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын тағы екі жоба биыл пайдалануға беріледі. Сапар қорытындысында вице-премьер барлық жобаның уақытында әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ауылдық аумақтардың тұрақты дамуы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қолдау табуда. Бағдарлама ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған. 2026–2028 жылдары республика бойынша 450 млрд теңге бөлу жоспарланған. Соның 22,6 млрд теңгесі Жетісу облысына қарастырылған. Биыл өңірде ауыл кәсіпкерлігі мен кооперацияны дамытуға бағытталған шамамен 400 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бағдарламаның орындалуы ерекше бақылауда болады.
Таяуда соңғы үш жылда Жетісу облысының Кербұлақ ауданында 34 жаңа әлеуметтік нысан қолданысқа берілгенін жаздық.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

