Қазақстанда бірнеше банктің шекарааралық операциялары тексеріледі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тексеру жұмыстары Ұлттық банк және Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп басталғанын мәлімдеді.
Еске салсақ, 16 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев банктер туралы жаңа заңға қол қойған болатын. Құжат бойынша банк қызметі түбегейлі өзгереді.
Жаңа заңға сәйкес банктер лицензиясын беру тәртібі жеңілдейді. Енді базалық және әмбебап лицензиялар арқылы саладағы бәсекені арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ цифрлық қаржы активтеріне заңды түрде жол ашылады. Елде осындай активтің үш түріне рұқсат берілмек.
Әмбебап банктер исламдық банк операцияларын қолданыстағы лицензиямен-ақ жүргізе алады.
Тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған бақылау жүйесі енгізіледі.
Банктерде тәуекелдерді басқарудың жаңа стратегиясы, өнімдерді бағалайтын жеке бөлімшелер құрылып, тұтынушылардан түскен шағымдар жан-жақты талданады.
Төлем қабілетін жоғалтқан банктердің шығынын енді мемлекет емес, нарық қатысушылары өздері өтейді.
Сонымен қатар банктердің директорлар кеңесіне тәуелсіз директорлар көбірек тартылып, шешім қабылдау барысындағы ашықтық пен әділдік күшейтілмек.
Контекст
Бұған дейін Халық банкінің төрайымы Үміт Шаяхметова банктер туралы жаңа заңнан көңілі қалғанын мәлімдеген еді.
«Банк құзға құласа, оны қадағаламаған реттеушіден сұрау керек. Бүгінде нарықта депозитті жоғары пайызбен жинап, агрессивті несие беріп жатқан бірнеше банк бар. Олардың тәуекелін бақылау біздің міндет емес. Біз депозиттерді сақтандыру қорына тоқсан сайын қыруар қаржы құйып отырмыз. Енді тағы бір қосымша қорға ақша жинау қисынсыз», – дейді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

