Қазақстандық танымал актер, «Рэкетир» фильмі арқылы ел есінде қалған Мұрат Бисембин 53 жасында дүниеден өтті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Актердің өмірден озғанын әлеуметтік желіде қызы Диана Болатова жеткізді. Ол әкесінің суретімен бірге туған және қайтыс болған күнін жариялап, «Шексіз жақсы көремін» деген қысқа жазба қалдырды.
Мұрат Бисембин 2024 жылдан бері қатерлі ісік дертімен арпалысып келді.
Асқазан асты безіне жабысқан ауру актерді түсірілім алаңынан алыстатқан еді. Дәрігерлер сырқаттың ота жасауға келмейтінін айтқан соң, ол химиялық терапия алып жүрді.
Өткен жылдың желтоқсанында инсультпен орталық клиникалық ауруханаға түскен актердің денсаулығы жақсара бастағанын қызы 31 желтоқсанда хабарлаған болатын. Бірақ араға бірнеше күн салып, 8 қаңтарда Мұрат Бисембин өмірден озды. Әзірге отбасы нақты себебін жария еткен жоқ.
1972 жылы 11 қазанда Қызылорда қаласында туған актер алдымен туған қаласындағы политехникалық институтта инженер-механик мамандығын алып, кейін Алматыдағы Өнер академиясын тәмамдады. Экрандағы жолы 2003 жылы «Каждый взойдет на Голгофу» телехикаясынан басталған актер қалың көрерменге ең алдымен 2007 жылы Ақан Сатаевтың «Рэкетир» фильміндегі Руслан рөлімен танылды. Қылмыс әлемінің қайшылықты тұлғасын сомдаған оның образы әлі күнге дейін көрерменнің жадында жарқын сақталған.
Кейінірек ол «Қызғылт қоян туралы хикая», «Брат или брак» комедияларының екі бөлімінде, «Томирис» тарихи эпосында және «13 клиническая» телесериалында әртүрлі, ерекше кейіпкерлерді сомдап, қазақ киносының заманауи келбетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

