Түркістан облысында биыл есірткінің заңсыз айналымына қатысты 425 дерек тіркелді. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Зиятаев мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Аталған деректердің ішінде 131-і қылмыс санатына жатса, 294-і – теріс қылық түріндегі құқық бұзушылықтар. Сондай-ақ, есірткіні заңсыз егу бойынша 65, есірткіні сату бойынша 43 дерек анықталды. Заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі тәркіленді, – деді Зиятаев.
Оның айтуынша, аса ірі көлемде есірткі сақтау бойынша 19 факті тіркеліп, екі ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталған.
Сонымен қатар интернет арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына жол бермеу мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіліп, 1 382 ақпараттық сайт бұғатталған. Прокуратурамен бірлесіп жүргізілген жұмыс барысында есірткі сатумен айналысуы мүмкін деген күдікпен 1 761 банк картасы анықталып, олардың айналымына «Антифрод» жүйесі арқылы шектеу қойылған. Кинологиялық қызмет орталығы арқылы 50 қылмыстың беті ашылған.
Бұдан бөлек, биыл 1 маусым мен 31 қазан аралығында «Қарасора-2025» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шараға құқық қорғау органдарынан 18 мобильді топ құрылып, оған 241 қызметкер, 55 автокөлік пен екі әуе аппараты жұмылдырылған. Операция барысында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 202 құқық бұзушылық анықталып, тағы екі ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленген.
Тікұшақпен жүргізілген барлау кезінде Шардара ауданы аумағында есірткі өсірілген үш алқап табылған. Ал Созақ ауданының таулы аймағында ірі есірткі плантациясы анықталып, қылмыс орнында Қызылорда облысының екі тұрғыны мен Шымкент қаласының бір азаматы ұсталған. Оқиға орнынан 829 түп қарасора, 2 352 түп көкнар өсімдіктері және тіркелмеген қару тәркіленген. Сараптама қорытындысы бойынша анықталған есірткінің жалпы салмағы 700 килограмды құрады. Қазіргі таңда осы дерек бойынша аса ірі көлемде есірткі сақтаған бес азамат қамауға алынды.
Таяуда ғана Түркістан облыстық прокуратура мен Полиция департаменті халықты интернет алаяқтықтан қорғап, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту үшін профилактикалық шара ұйымдастырғанын сайтымызда жазған болатынбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

