АҚШ компаниялары еліміздің сирек метал нарығына едел-жедел кіріп жатыр. Қазақстандық AltynGroup пен америкалық REalloys корпорациясы ауқымды кен орнын бірігіп игеретін болды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тараптар 10 жылдық келісім жобасын әзірлеген. Оған сәйкес, Қарағанды және Қостанай облысындағы «Көкбұлақ» кен орнынан алынатын сирек метал Әмірикадағы өндіріс орындарына жеткізілмек.
«Көкбұлақтың» көлемі 127 мың шаршы шақырым. Кеніштің қойнауында 350 миллион тонна темір рудасы сақталған. Олардың құрамында Трамп билігі үшін стратегиялық маңызы зор тербий мен диспрозий секілді сирек элементтер бар.
AltynGroup басшысы Айдар Асаубаевтың айтуынша, мұншама байлықты дұрыс игеру керек. REalloys-тың технологиялық әлеуетін үздік деп бағалаған ол отандық өнімнің АҚШ пен Батыстың өндірістік тізбегіне қосыларына сенім білдірді.
REalloys басшысы Леонард Штернхайым мәміле тек экономикалық емес, ұлттық қауіпсіздік үшін де маңызды деп отыр. Сөзінше, Қазақстанның Мәскеу мен Бейжіңнің ортасында орналасуы Уашиңтон үшін ерекше стратегиялық басымдыққа ие.
REalloys қандай уәде беруде?
Тараптар жарты жылдан астам уақыт келіссөз жүргізіпті. REalloys-тың АҚШ-тағы зауытында сирек металды өңдеу, олардан құйма, металл өнімін дайындау жоспарланып отыр. Әмірикалықтар қорғаныс, жартылай өткізгіш өндірісі және жасыл энергетикада қолданылатын материалдарды өндіруге айрықша көңіл бөлмек.
Компанияның АҚШ-тағы нысаны бүткіл ел аумағында сирек метал пайдаға асыратын жалғыз мамандандырылған зауыт екен. Зауыт АҚШ Қорғаныс министрлігі, Энергі департаменті және басқа да стратегиялы мекемелердің тапсырысын орындайды.
Алыс құрлықтан келген компания Қазақстанның сирек металын тасумен шектелмейтінін айтып отыр. Екі ел арасында технологиялық алыс-беріс, инновациялық өндірістік тәжірибелерді енгізу жұмысы жоспарланған.
Айта кетелік, бұған дейін Уашиңтонға сапарлаған президент Тоқаев екі елдің қарым-қатынасына импульс беретін маңызды келісімдерге қол қойып қайтқан.
Асаубаевтар туралы не белгілі?
Shishkin._like арнасының дерегінше әулеттің басында белгілі кәсіпкер Қанат Асаубаев тұр. Ол бизнесті ұлдары Санжар және Айдармен бірге жүргізеді. Отбасының басты активі Шығыс Қазақстандағы Секисовское мен Терен-Сай алтын кеніштерін игеріп жатқан Altyn Gold компаниясы.
Қазақстандық ресми деректер бойынша, Асаубаевтар қазір елдің резиденті емес. Дегенмен бизнес мүдделерінің негізгі орталығы Қазақстанда шоғырланған.
Асаубаевтар әулеті экс-елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасымен құда-жекжат. Айдар Асаубаев Сара Алпысқызы Назарбаеваның туған жиендерінің біріне үйленген. Әулеттің бизнес серіктестері арасында да ықпалды тұлғалар бар. Мысалы, Асаубаевтардың британдық компаниясының директорлар кеңесінде бұрын жоғары лауазымдарда қызмет еткен Владимир Школьник те отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

