Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Ұлттық балаларды оңалту орталығының басқарма төрағасы Ажар Ғиниятпен кездесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында өңірдегі мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін оңалту қызметтерінің сапасын арттыру, осы саладағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары кездесуде ана мен бала денсаулығы мәселесінің маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Түркістан облысы туу көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда. Ана мен бала денсаулығы – біз үшін әрдайым басты назарда тұратын мәселе. Балалардың сапалы әрі тиімді ем алуы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Оңалту орталықтарына заманауи технологияларды енгізіп, мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстарын күшейту қажет. Осы кездесуде айтылған ұсыныстарды мұқият қарап, алдағы жоспарға енгіземіз, – деді Қанат Қайыпбек.
Өз кезегінде Ажар Ғиният Ұлттық балаларды оңалту орталығында қолданылатын заманауи тәсілдер туралы айтып, шетелдік тәжірибелерге тоқталды.
– Біз шет мемлекеттердегі реабилитациялық орталықтардың озық үлгілерін зерделеп, сол тәжірибелерді Қазақстанға енгізіп жатырмыз. Озық технологиялар тек білікті мамандармен бірге болса ғана нәтижесін береді. Сондықтан еліміздегі барлық өңірлерде реабилитациялық орталықтардың мамандары арасында тәжірибе алмасу, оларды оқыту жұмыстарын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ осындай заманауи орталықтарды әр облыста ашу қажет, – деді басқарма төрағасы.

Кездесу қорытындысында тараптар балаларды оңалту орталықтарының қызмет сапасын арттыру, шетелдік заманауи технологияларды енгізу, мамандарды даярлау мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті.
Сонымен қатар, іссапар аясында Ұлттық балаларды оңалту орталығының өкілдері Түркістан облысындағы бірқатар оңалту мекемелерін аралап, олардың қызметі мен жабдықталу деңгейіне оң баға берді. Атап айтқанда, мамандар «Ақбұлақ» облыстық балаларды оңалту орталығының және Түркістан қалалық балалар ауруханасының оңалту бөлімшесінің жұмысымен танысты.
Айта кетейік, қазір Түркістан облысында заманауи медициналық мекемелердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Түркістан қаласында жаңа Оңалту орталығы іске қосылып, Ана мен бала орталығының құрылысы жалғасуда.
Түркістан облысында стратегиялық маңызға ие «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

