Алматы облысының Ұйғыр ауданында орналасқан «Прима Құс» ЖШС Қазақстандағы құс етін өндіру және өңдеу саласындағы тұйық циклді заманауи ірі кәсіпорындардың бірі. Chickodelli брендімен танымал бұл кешен өндіріс сапасы мен қауіпсіздігін басты назарда ұстап, тұрақты даму қағидаттарын ұстанып келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кәсіпорынның негізі 2019 жылы Алматы қаласында қаланған. Ал 2021 жылы Алматы облысында ірі құс кешенінің құрылысы басталған. Қазір өндірістік аумақтың жалпы көлемі 547,5 гектарды құрайды. Компанияда бүгінде 750-ден астам адам жұмыс істейді. Құрылыс толық аяқталған соң, жұмысшылар саны 1200-ге дейін көбейеді деп жоспарланған.
Компания өндіріс қуатын кезең-кезеңімен арттырып келеді. 2022 жылы аяқталған алғашқы кезеңге 33,5 млрд теңге инвестиция тартылып, жылына 17 500 тонна құс еті және айына 200 тоннаға дейін шұжық өнімдерін шығару жолға қойылған.
Екінші кезең 2025 жылы аяқталып, өндірістік қуат 50%-ға артты. Осылайша, жылына 26 500 тонна құс еті, шұжық өнімдері 400 мың тоннаға дейін өсті.
Өндіріс көлемі 35 мың тоннаға жетеді
«Прима Құс» өнімдеріне сұраныс жыл сайын тұрақты түрде өсіп келеді. Компанияның маркетинг және жарнама бөлімінің өкілі Анастасия Покатовичтің айтуынша, өнімдер мұсылман дәстүріне сай «Халал» стандарттарымен дайындалады.
– Қазіргі кезде өнімнің 38%-дан астамы экспортқа бағытталған. Біз Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан және БАӘ нарығына тұрақты өнім жібереміз. Жақын уақытта Қытай және Моңғолия нарықтарына шығуды жоспарлап отырмыз, – дейді ол.
Экспортқа құс етінен бөлек, шұжық өнімдері мен түрлі жартылай фабрикаттар да жеткізіледі. Өнімдердің барлығы ISO 22000 және HACCP халықаралық сапа және қауіпсіздік сертификаттарына ие.
Өндіріс процесі туралы цех басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Тлеген Нұржанов баяндап берді.
– Жұмыс таңертең ерте басталады. Құстар кешен аумағына жеткізіліп, алдымен ветеринар мамандардың тексерісінен өтеді. Содан кейін „Халал“ стандартына сай дұға оқылып, бауыздалады. Одан әрі құстар арнайы технологиялық кезеңдерден өтеді: қанын ағызу, қауырсынын жұлу. Бұдан кейін құстардың еті ауа-тамшылы салқындату әдісімен 2 сағат 45 минут бойы өңделеді, – дейді ол.
Салқындатылғаннан кейін құстар өндірістік цехқа жіберіледі. Мұнда салқындатылған, мұздатылған ет өнімдері дайындалады. Сонымен қатар бауыр, жүрек, асқазан сияқты ішкі ағзалар өңделіп, елдегі барлық өңірлерге жіберіледі.
Өнім қаптамасына да қатаң талаптар қойылған: көтерме саудадағы қаптаманың салмағы 13,5 килограмнан кем болмауы тиіс. Ал бөлшек саудаға арналған жеке қаптамалар 800 грамнан төмен болмауы керек.
Қазір компания үшінші құрылыс кезеңін жүзеге асыруда. 2026 жылға қарай өндіріс көлемі жылына 35 мың тоннаға дейін жеткізіліп, 12 200 тоннаға арналған элеватор салынбақ. Жобаны Қазақстанның Даму Банкі мен KazakhExport қолдап отыр.
Сондай-ақ Chickodelli бренді өндірісті дамытумен қатар, фирмалық дүкендер мен франчайзинг желісін де белсенді түрде кеңейтуде. Үнемі жаңа өнім түрлері ұсынылып, қаптама дизайндары жаңартылып отырады.
Осылайша «Прима Құс» ЖШС ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосып келеді.
2023-2025 жылдар аралығында Алматы облысында автобус паркінің жартысына жуығы жаңартылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

