Қазақстанның Ресейден импорттайтын жол битумының көлемі күрт азайды. Былтыр 500 мың тонна болса, биылғы квота он есе төмендеп, 50 мың тоннаны ғана құрады деп хабарлайды Ertenmedia.kz Reuters-ке cілтеме жасап.
Мұнай-энергі саласындағы дереккөздер мен Энергі министрлігінің жоспарына сәйкес, импорт квотасының қысқаруына ішкі өндіріс көлемінің артуы себеп болған.
Еске салсақ, өткен жылдың сәуірінде Қазақстандағы ең ірі битум өндіруші Caspi Bitum зауыты жаңғыртудан өтіп, өндірістік қуаты бір жарым есеге артқан еді.
«ҚазМұнайГаз» бен қытайлық CITIC Group бірлескен кәсіпорнының қуаты енді жылына 750 мың тонна битум шығаруға жетеді. Бұрын зауыт жылына 500 мың тонна ғана битум шығаратын.
Агенттіктің ақпараты бойынша, қазақстандық кәсіпорындар ақпан айында битум өндірісін қаңтарға қарағанда 36 пайызға көбейтуді жоспарлап отыр. Нақтырақ айтқанда, өнім көлемі 34,5 мың тоннадан 42,5 мың тоннаға жетпек. Айта кетерлігі, ақпан айының ұзақтығы қаңтардан үш күнге қысқа болғанына қарамастан, өндіріс көлемі ұлғайтылмақ.
Осы жоспар аясында Qazaq Bitum кәсіпорны қаңтардағы 9 мың тоннаның орнына ақпанда өндірісті екі есеге дейін арттырып, 20 мың тоннаға жеткізбекші. Ал Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ) қаңтардағы 25,5 мың тоннамен салыстырғанда, ақпан айында өндірісті 22,5 мың тоннаға азайтады деп жоспарланған.
Трейдерлердің мәліметінше, ақпан айында Павлодар зауытында битум бағасы қосымша құн салығын қосқанда бір тоннасына 150-175 мың теңгеге дейін өсті. Қаңтарда баға 150-160 мың теңге аралығында болатын. Дегенмен жол битумының көтерме сауда бағасы қосымша құн салығымен бір тонна үшін 225-230 мың теңге деңгейінде сақталып отыр.
Ал Caspi Bitum кәсіпорны әзірге битум өндіруді бастаған жоқ. Себебі ішкі нарықтағы сұраныстың төмендігі. Қаңтар айында зауыт жоспарлы жөндеуден өтті.
Әдетте, қыс мезгілінде жол құрылысына деген сұраныс төмендеп, битум бағасы арзандайды. Құрылыс маусымы басталған кезде баға күрт көтеріліп, Қазақстан битум тапшылығын Ресейден импорт арқылы шешіп келген еді.
Трейдерлердің айтуынша, биыл 1-26 қаңтар аралығында Ресейден Қазақстанға теміржол арқылы 1270 тонна битум және 12 мың тоннадай гудрон тасымалданған.
Жалпы, 2026 жылы елімізде шамамен 11 мың шақырым жол жөндеуден өтіп, жаңадан салынады деген жоспар бар. Осы жоспарды орындау үшін ішкі өндірісті арттырып, битум тапшылығын болдырмау басты міндетке айналмақ.
Айта кетелік, бұған дейін белгілі кәсіпкер Бектенов үкіметіне үн қатып, Кремль Қазақстанды тауар өткізетін базарға айналдырып алды деп мәлімдеген-ді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

