Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдаған Беларүс президенті маңызды мәлімдеме жасап, «қазіргі аласапыран әлемде бір-бірімізді жоғалтпайық» деген ниет білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Бір-бірімізді жоғалтып алмауды өтініп сұраймын. Бүгінде ешбір ел, тіпті Әмірика да басқалармен байланыссыз, өз бетінше дамып кете алмайды. Сондықтан, осындай мазасыз әлемде бір-бірімізге сүйеу болайық», – деді Александр Лукашенко кездесуде.
Беларүс басшысы жаңа серіктестер табу оңай емес кезеңде бұрыннан келе жатқан достық пен өзара сенімді бағалай білу қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізі сауда-экономикалық байланыс. Астана мен Минскі арасындағы сауда айналымы қазірдің өзінде 1 миллиард доллардан асып түскен.
«Кезінде Қазақстанмен арадағы тауар айналымы миллиард долларға жетсе екен деп армандайтынмын. Қазір бұл межені еңсердік, алайда әлі де алға қойған мақсаттарымыз бар», – деп атап өтті ол.
Батьканың тағы бір ұсынысы
Лукашенко Қазақстанмен тек сауда байланысымен шектелмей, бірлескен жоғары технологиялық өндірістер құруды ұсынды. Әсіресе машина жасау мен ауыл шаруашылығы саласындағы Беларүс тәжірибесі Қазақстан үшін пайдалы болады деген пікірде.
Оның айтуынша, Минскі өз ішкі нарығының қажеттілігінен бір жарым есе артық өнім шығарып отыр, сол себепті артығын экспорттауға дайын.
«Біз машина жасау өндірісі дамыған, ауыл шаруашылығы мықты елміз. Қазақстанның қажеттілігі де осы бағыттарда. Менің Қазақстанмен байланысым сонау Кеңес дәуірінен басталған. Сол кезде сіздің елге жиі барып, тәжірибе алмасқанбыз. Өз басым қазақстандық мамандардан көп нәрсе үйренгенмін», – деді ол.
Әкімдер арасындағы әріптестік
Сонымен қатар Беларүс президенті аймақаралық байланысты күшейту мәселесіне тоқталды. Ол екі ел арасындағы өңіраралық форум өткізуді ұсынып, осы бағытта жергілікті әкімдердің мүмкіндігін кеңінен пайдалануды қолдады.
«Екі елдің әкімдері де шешуші тұлғалар. Олар байланыс орнатса, орталық билікке де оңай болады. Сондықтан осы үдерісті жылдамдатып, тереңдете түсуіміз керек.
Тоқаев? Екеуміздің ұстанымымыз толық үйлеседі деуге болады. Әлемнің даму бағытын бірдей бағамдаймыз. Көпполярлы әлемді жақтаймыз.
Кеңес Одағы ыдыраған соң құрылған жаңа мемлекеттердің дербес әрі тәуелсіз болғанын қалаймыз», – деді Лукашенко. Кездесу барысында Беларүс басшысы Тоқаевтың халықаралық аренадағы қолдауын жоғары бағалады. Әсіресе Шанхай ынтымақтастық ұйымына толық мүше болып кіруіне Астананың үлкен қолдау көрсеткенін ерекше атап өтті.
Қошанов не дейді?
Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Александр Лукашенкоға президент Тоқаевтың ыстық ықыласын жеткізді.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы сіздің екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы еңбегіңізді жоғары бағалайды», – деді Қошанов.
Ол Минскіге алғаш рет келіп тұрмағанын, бұған дейін де Парламенттік ассамблея аясында және жеке сапармен болғанын айтып өтті. Кездесу соңында екі тарап та Беларусь пен Қазақстан арасындағы өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты әрі қарай нығайта түсетінін тағы бір мәрте атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

