Орал қаласындағы жылу электр орталығында жапондық «Hitachi» компаниясының қуаты 28 МВт газ турбиналық қондырғысы күрделі жөндеуден кейін қайта іске қосылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Аталған газ турбиналық қондырғы 20 жыл бұрын орнатылып, 2019 жылы жоспарлы тексеруден өткен. Дегенмен техникалық күрделі жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізілмей, кейінге қалдырылған болатын. Маңызды мәселе облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тікелей араласуының арқасында оң шешімін тапты.
Облыс әкімі бұл туралы былай деді:
– Биыл батысқазақстандық делегациямен бірге Жапонияға арнайы барып, қондырғыны шығарған зауыт өкілдерімен тікелей кездесіп, қосалқы бөлшектерді делдалсыз алу туралы келісімге келдік. Соның арқасында жөндеу жұмыстарын ойдағыдай аяқтап отырмыз.
Күрделі жөндеу жұмыстарын атыраулық компания жүргізгенін де айта кеткен жөн.

Президенттің энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, соңғы екі жыл ішінде өңірдегі жылу және энергетика саласына бюджеттен 15,6 млрд теңге бөлінді. 2035 жылға дейінгі кезеңді қамтитын 32 жобалық Жол картасы аясында сорғы станциялары мен қазандықтар салынып, қаладағы негізгі жылу магистральдары толықтай жаңғыртылып жатыр.
Қазірдің өзінде №6 және №7 жылу желілерінде үлкен жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
– Жүзеге асырылып жатқан кешенді жұмыстар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп, коммуналдық сектордың сенімділігін арттырады, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Нариман Төреғалиев коммуналдық саланы цифрландырудың маңызы зор екеніне тоқталды:
– Кеше ғана «WEST OIL» компаниясының өкілдерімен маңызды жобаларды талқыладық. Болашақта қаланың сумен және жылумен жабдықтау жүйелері толық автоматтандырылып, басқару орталығы осы компанияда орналасады. Мамандар тәулік бойы мониторинг жүргізіп, ақауларды жедел анықтай алады. Бұл өз кезегінде тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсету сапасын жақсартады, – деп түйіндеді Нариман Төреғалиев.
Таяуда Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен жаңа Конституция жобасын талқылау жөніндегі алқа отырысы өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

