Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруды ынталандыру мақсатында бірқатар салық жеңілдіктері қарастырылған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа Салық кодексінде мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қабылдайтын кәсіпорындар үшін арнайы жеңілдіктер мен шарттар белгіленген. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша келесідей жеңілдіктер көзделген:
Ұйымдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 3-тен 10-ға дейін болса, КТС 50%-ға, ал 10-нан асқан жағдайда 100%-ға азайтылады.
Дегенмен бұл жеңілдікті қолдану үшін келесі талаптарды сақтау міндетті:
ұйым қызметкерлерінің кемінде 51%-ын мүгедектігі бар адамдар құрауы тиіс;
еңбек ақы қорының кемінде 51%-ы осы азаматтарға төленуі керек;
ұйымның табысының 90%-дан астамы мүгедектігі бар жұмысшылардың қатысуымен алынуы қажет;
бұл қызметкерлер басқа ұқсас ұйымдармен еңбек қатынасында тұрмауы тиіс.
Сонымен қатар, салық төлеушілер мүмкіндігі шектеулі жұмысшылардың еңбекақысына жұмсалған шығынның екі есе мөлшерінде және олардың жалақысынан ұсталатын әлеуметтік салық сомасының 50%-ы мөлшерінде салық салынатын табысын азайтуға құқылы.
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі қызметкерлерді кәсіби оқытуға кеткен шығындар сомасына да табысын азайта алады.
Қосымша құн салығы (ҚҚС)
ҚҚС-тан тауарлар мен қызметтерді сату айналымы келесі шарттар сақталған жағдайда босатылады:
Мүгедектігі бар қызметкерлер ұйымның жалпы қызметкерлерінің кемінде 51%-ын құраса және еңбекақы шығындары да жалпы еңбек ақы қорының кемінде 51%-ын құраса;
Ұйымда кемінде 10 мүгедектігі бар адам жұмыс істесе;
Тауар өндірісі мен қызметтер көрсету жұмыстары осы азаматтардың қатысуымен жүзеге асса.
Әлеуметтік салық
Мүгедектердің мамандандырылған ұйымдары Әлеуметтік кодекске сәйкес әлеуметтік салық төлеушілер қатарына кірмейді.
Көлік құралдарына салынатын салық
Мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден аспайтын бір жеңіл автокөлік пен бір автобус үшін көлік салығынан босатылады.
Жер салығы
Мүгедектердің мамандандырылған ұйымдарына жер салығы нөлдік коэффициентпен есептеледі.
Мүлік салығы
Мүгедектердің мамандандырылған ұйымдарына мүлік салығы 0,1% мөлшерлемемен есептеледі.
2026 жылдың наурыз айы халық үшін ерекше жомарт болып, бірнеше ұзақ демалыс күндерін сыйлайды. Оны осы жерден білесіз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

