Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс берушілер 2026-2028 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімге қол қойды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Құжат медицина қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге, кадрлық әлеуетті дамытуға және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға бағытталған. Келісімге AQNIET, SENIM, QazMed кәсіподақтарының және РҚБ «Қазақстандық медициналық ұйымдар альянсының» басшылары қол қойды.
Жаңа келісім еңбекпен қамту, жалақы төлеу, әлеуметтік кепілдіктер, еңбек қауіпсіздігі және еңбек дауларын алдын алу мәселелерін қамтиды. Құжаттағы маңызды жаңалықтардың бірі медицина қызметкерлерінің жұмыс пен жеке өмір арасындағы теңгерімді сақтау құқығы.
Құжатқа сәйкес, қызметкер жұмыс уақытынан тыс кезде міндеттерді орындауға тек төтенше жағдайлар, кезекшілік немесе заңда көрсетілген басқа да жағдайларда ғана тартылуы мүмкін.
Сондай-ақ келісімде цифрлық жүктемені жұмыс уақытына қосу қарастырылған. Бұл шара медициналық қызметкерлердің ақпараттық жүйелер, мессенджерлер мен басқа да цифрлық құралдармен жұмыс істеу барысында жасырын артық жұмыс істеуіне жол бермеуге бағытталған.
Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект шешімдерін енгізу медициналық қызметкердің жауапкершілігін сақтау қағидасына сүйене отырып реттелмек.
Контекст
Қызметкерлер саны қысқарған жағдайда әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың жұмыс орындарын сақтауға басымдық берілетіні бекітілген. Сонымен қатар ерекше еңбек жағдайлары үшін үстемеақылар, артық жұмыс үшін жоғары төлемдер мен сауықтыру төлемдері қарастырылған.
Келісімнің арнайы бөлімі кадрлық әлеуетті дамытуға арналған. Жыл сайын медициналық және фармацевтикалық кадрларға деген қажеттілікке мониторинг жүргізу өзделген. Сондай-ақ, мамандардың біліктілігін кемінде бес жылда бір рет арттыру, жас мамандарға тәлімгерлік жүйесін дамыту да қарастырылған. Түлектерді алғашқы жылы сынақ мерзімінсіз жұмысқа орналастыру көзделген.
Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу ісі де бар. Еңбек дауларын шешу үшін медиация механизмдерін дамытуға баса назар аударылған.
2026-2028 жылдарға арналған салалық келісім денсаулық сақтау саласында әлеуметтік әріптестіктің тұрақты жүйесін қалыптастырып, медициналық мамандықтардың беделін арттыруға серпін береді деп күтілуде.
Айтақандай, азанда құрамында қанты көп сусындармен бастау зейінді төмендетіп, мидың тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіретінін ғалымдар алға тартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

