Kaspi.kz Kaspi Gold картасының жылдық қызмет көрсету тарифін көтермейді, сондай-ақ Kaspi Pay қызметіне қатысты ешқандай өзгеріс енгізбейді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін кейбір ақпарат құралы мен телеграм арналар Kaspi Gold картасының жылдық қызмет көрсету құны 1 сәуірден бастап 1995 теңгеден 10 мың теңгеге дейін өсетінін жазған еді.
Оған қоса, айына 300 мың теңгеден асатын соманы банкоматтан алған жағдайда 5% комиссия енгізіледі деген мәлімет тараған.
Әлгінде ғана банк басшылығы әлгі мәліметті жоққа шығарып, әлемжелі арқылы арнайы мәлімдеме жасады.
«Kaspi.kz өз клиенттері мен серіктестері үшін қызмет көрсету тарифтері мен шартын өзгертпейді. Ғаламторда тараған ақпарат біздің ресми құжатымыздың қате түсіндірілуі. Ол жерде Қазақстан заңнамасына сәйкес тарифтердің шекті мөлшерлері ғана көрсетілген болатын», – деп түсіндірді банк желідеші ресми парақшасында.
Айта кетсек, бүгін банктің корпоративтік сайтында Kaspi Bank операцияларының шарты туралы ережелерге қосымша ретінде ресми құжат жарияланған.

Дәл сол құжатта Kaspi Gold картасының шығару және қызмет көрсету бойынша шекті тарифтер көрсетілген. Банк өкілдері жарияланған ақпараттың осы құжатты дұрыс түсінбеуден туындағанын атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

